Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен мобильді мессенджерлерде көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиі кездесуде.
Өткен жылдың өзінде белгілі бір дәрі-дәрмектерден балалар уланғандығы, жеміс-жидек арқылы ауру таралатындығы және тағы да басқа жалған мәліметтер таралды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 456-1 бабында:
«Көрінеу жалған ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректер интернет-порталында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен орналастыру – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», – делінген.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 274-бабында былай делінген: «Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Осыған орай әлеуметтік желілер мен мобильді мессенджерлер арқылы көрінеу жалған ақпараттардың таралуына жол бермеуге шақырамыз! Қажетті ақпараттар мен хабарландыруларды ресми бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан ғана алған дұрыс.
Жалған ақпарат таратуға жол бермейік!
Облыстық ішкі саясат басқармасы.