Сыр сайыпқыраны атанған сөз жүйрігі, айтулы айтыскер, екі мәрте Алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов – Жалағаш ауданы, Ақарық ауылының тумасы. "Атаңның баласы болма, адамның баласы бол” дегендей, бүгінде Мұхтардың аты күллі Алашқа жетіп, ұлт өнері – айтыстың алтын аспанына шықты. Өткен жылдың қорытындысында ол үш республикалық, екі халықаралық айтыстың бас жүлдесін беліне байлап, айтыс олимпі – Алтын домбыраны алды. Осындай жетістіктерден соң облыс әкімі Қ.Көшербаев ақынды қабылдап, құрмет-сый жасады. Барлық аудан тұрғындарымен кездесіп, қуанышын бөлісуге қолдау көрсетті.
Ақын жұртшылықпен жүздесуін алақанына салып өсірген туған ауылының батасын алудан бастады. Ауылдық мәдениет үйіндегі шараны аудан әкімінің орынбасары Жағыпбар Тәжмаханов ашып, өнер иесінің өрлеу жолына сәттілік тіледі. Мұнан соң ардагер ағалар ақ тілектерін ақтарып, әжелер ансамблі өнер көрсетті. Сахнаға ақынның ұстаздары мен шәкірттері шығып, өз ойларын мақтаныш сезіммен жеткізді. Ауылдастары қашан да аламанның алдында жүр деп сөз жүйрігіне ақбоз ат мінгізіп, ақ батасын берді. Тағылымды жүздесуді ақынның ұстазы Мамыр Байдәулетов жүргізіп, Мұхтардың арғы аталары Кеңесбай би, Арғынбай шешеннен бері сөз қорғап, сүйекпен сіңген өнерді дәріптеді.
Алтын домбыра иегерімен мұнан арғы жүзде¬сулер Аралдан бастап Жаңақорған ауданы аралы-ғындағы өңір жұртшылығымен өткізілетін болады.
Д.АЯШҰЛЫ.