2017 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 35 жобаны жүзеге асыруға 7 392,7 млн. теңге бөлініп, 111,0 км автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметіндегі аймақтағы жол саласы басшыларының брифингінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бәлібаев мәлімдеді.
- 2016 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға жалпы көлемі 11 056 млн. теңге бөлініп, 311,35 км жолдар мен көшелер жөндеуден өткізілді. Бүгінгі күнге облыс бойынша жоспарланған 17 нысанда жол жөндеу жұмыстары аяқталып, бөлінген қаражат толығымен игерілді. Жыл қорытындысымен нысаналы индикатор бойынша меморандумда бекітілген 62,5% көрсеткішке қол жеткізілді, - деді ол.
Брифинг барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай аталған саладағы жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Қызылорда облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының желісі 1107 шақырымды құрайды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы аясында қайта жаңартылған «Самара-Шымкент» автомобиль жолының ұзындығы 763 шақырым учаскесі уақытша пайдалануға берілді, онда «ҚазАвтоЖол» РМК Қызылорда облыстық филиалы қызмет көрсетеді.