Тарихты таразылаған деректі фильм

Өткен жылдың сүбелі туындысына «Сыр – Алаштың анасы» атты экспедицияның деректі фильмін қосуға болады. Қалың қызылордалықтардың көңілінен шыққан туындыны «Консенсус» қоғамдық қоры облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша орындап шықты. 
Облыстың 7 ауданы мен 2 қаласын қамтып, 4000-дей шақырым жол жүріп, 23 күн бойы аймақтың мәдени мұралары мен өндіріс ошақтарын, көрікті жерлерін қамтыған экспедицияның мақсаты орындалды. 
Фильм премьерасында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Меңлібаев авторларға алғысын білдіріп, кездесуге келген жастармен еркін пікір алмасты.
– «Тарихты білмей – келешекті болжау қиын»,– деген екен Әбу Насыр әл-Фараби. Экспедиция мүшелері ақпараттық-бейне, көркемсурет альбомына мәлімет жинау барысында облыстың барлық аудандарын қамтыды. Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер, қарт Қаратауды, абыздар атырабын, асарлар, Сақ-апасиактар астанасы Шірік-Рабат, Оғыз тайпаларының астанасы – Жанкент, Хорезмнің шеткі аймақтарын басқаруда орталыққа айналған Жент және Сығанақ сынды қалалары деректі фильмде көрініс табады. Фильм осындай қала құрылыстарын, сәулет ескерткіштерін сақтау, қамқорлыққа алу келешек ұрпақ үшін маңызды екеніне тағы бір көз жеткізді. Сондай-ақ, ЭКСПО – 2017 туристеріне арналған арнайы карта да жасалды, – деді.   
Алаш алаш болғалы қазақтың төрт астанасы орын тепкен Сырдың бойында да өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей тарихи һәм мәдени орындар жетерлік. Ұлттық рухтың көсегесін көгертіп, осынау жәдігерлерімізді бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп, болашаққа басы бүтін аманаттау – жауапты іс. Бұл орайда «Сыр – Алаштың анасы» атты экспедиция жалпақ жұртқа аймақтың сүбелі тарихын тарту етуді көздеп, мақсатына жеткен.
Н.САҒАТҰЛЫ.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қаңтар 2017 г. 848 0