Астана төріндегі өнер кеші

Астана төріндегі өнер кешіМереке қарсаңында еліміздің бас шаһары Астана төрінде «Ғасырлар жырлайды» атты дәстүрлі орындаушылардың жыр кеші өтті. Оған Ақтөбе, Талдықорған, Маңғыстау және Қызылорда облыстары мен Астана қаласынан елге белгілі жыршы-жыраулар қатысып, елорда жұртшылығына жыр-термеден шашу шашты.
Облыстық филармониядан барған Майра Сәрсенбаева, Шолпан Бимбетова, Әділхан Қуанбаев, Мұхамедәлі Бекпейісов және жерлесіміз  Күнсүлу Түрікпен Сыр сүлейлерінің дәстүрлі жыр-термелерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Биылғы жыл Тәуелсіз еліміздің 25 жылдық мерейтойымен тарих¬та қалды. Осы ұлық мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын түрлі мәдени шаралар ұйым¬дастырылды. Сыр елі де бұл айтулы мерекеге өз үлесін қосып, респуб¬ликалық дәстүрлі орындаушылардың фестивалін өткізді. Мерейтой Арқа төрінің сахнасында қорытындыланып, өнерсүйер қауымға рухани кеш сыйладық. Оның айғағы – дәстүрлі орындаушылардың осы жыр кеші. 
Сыр елінде 4 жыр мектебі жұмыс жасайды. Олар Жиенбай, Сәрсенбай, Нұртуған және Нартай атындағы жыр мектептері. Аталған мектептердің өкілдері дәстүрлі кеште Сырдың жыраулық дәстүрін насихаттады. Шараның ұйымдастырушысы Астана қалалық Мемлекеттік филармониясына ал¬ғысы¬¬мыз шексіз. Бабалар мұрасы әлі талай ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ғасырдан ғасырға аманаттала бермек, – дейді «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, белгілі жыршы Майра Сәрсенбаева.
Тәуелсіз еліміздің мәңгілік мұрасын жырлап, бабалар мұрасынан сыр шерткен мұндай кештің өскелең ұрпаққа берері мол. 
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қаңтар 2017 г. 983 0