
Жуырда аудан әкімі Нажмадин Шамұратов Мәскеу қаласындағы іссапардан оралды. Онда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бақша өнімдерін сыртқа экспортқа өткізу тура¬лы бірқатар келісім жасалды.
Олардың қатарында Қазалы ауданы әкімдігі мен қазақстандық тауарларды көтерме саудаға шыға¬ратын «Kaz-Food» компаниясының бас директоры А.Рапиевпен, «Скайленд-94» ЖАҚ бас директоры Б.Гараев¬пен келісімге келді.
Бұған қоса, аудан әкімі Н.Шамұратовтың ұсынысы¬мен өңірлер ара¬сындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған форумда Ақтөбе облысын¬дағы аудан әкімдері мен кәсіпкерлері Қазалы өнімдерін сатып алуға ниетті болды. Өз кезегінде ақтөбеліктер де өнімдерін Қазалы ауданы көлемінде сатылымға қою жөнінде келісімге келді, әріптестік меморандумға қол қойылды.
Ақтөбе тұрғындары үшін Қазалы ауданы өнім¬дерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Оған «РЗА» АҚ-ның сүт пен ет, «Сыр маржаны», «Есхожаев» ЖШС-нің күріш, «Бейімбет» кооперативінің консервіленген жеміс-жидек өнімдері қойылды.
Қазіргі таңда Қазалы қаласы, кент, ауылдық округ¬терде бау-бақша, көкөніс өнімдерімен айналысатын кооперативтер құрылуда. Аудан басшылығы коопера¬тивтерге бақшалық жерді қоршау, жерді өңдеу, аяқ су жеткізу жұмыстрына қолдау көрсетуге ықыласты. Олар өсірген өнімді өндірістік кооператив тиімді бағада сатып алып, Ресей Федерациясы мен Ақтөбе облысына экспорттайтын болады. Бұл бастаманың игілігі туралы түсіндірме жұмыстар жүргізілуде.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.