«Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Алматыда өтетін қысқы «Универсиада-2017» ойындары қарсаңында шетелдік қонақтар мен инвесторлардың келуін барынша ыңғайлы ету мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігі визасыз режимді жеңілдету және миграциялық бақылау мен қауіпсіздік тиімділігін арттыру бойынша жұмысын жалғастырады. Бір реттік іскерлік, жеке, сонымен қатар 48 экономикалық дамыған елдердің азаматтары үшін бір реттік және екі реттік туристік виза беру үдерісі жеңілдетілген», – деп ҚР Сыртқы істер министрі ОҚК алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Қазіргі таңда елімізге 19 мемлекеттің азаматтары виза ашпай-ақ келе алады. «2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 45 ел азаматтары, олардың ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуропалық одақ мүшелері, сонымен бірге Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур елдері және Монако Княздігі Қазақстанға кіргеннен бастап, 30 күнге дейін елімізде визасыз жүре алады», – деді Сыртқы істер министрі.
Оның айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне ене¬тін шетелдік азаматтарға арналған Қазақстан Республикасының визасын беру және шақыруларды рәсімдеудің жаңа ережелері өткен аптада дипломатиялық корпус пен бұқаралық ақпарат құралдары өкіл¬деріне ұсынылды. «Виза режимін ырықтандыру мақсатында қабыл¬данған шаралар біздің еліміздің ұлттық мүддесін ескере отырып, жүр¬гізілетіндігін атап өткім келеді. Жоғарыда аталған мемлекеттерден бөлек, тағы 19 елдің азаматтары қол қойылған екіжақты келісімдердің негізінде виза талаптарынан босатылады. Мұндай келісімдерге басқа да мемлекеттермен қол қою үшін келіссөздерді жалғастыра беретін боламыз», – деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.