Жас бизнесмендер мен топ-менеджерлердің басын біріктіретін YPO (Young Presidents Organisation) ұйымы қазақстандықтар өз бетінше жүзеге асырған жобаларды ынталандыра бастады. Биыл бес аталым бойынша үздіктер іріктелді. Олардың қатарында «WikiBilim» қоғамдық қоры да бар.
Wikipedia құрастырушылардың қазақ тілін Google Translate жүйесінде дамытудағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. «WikiBilim» ҚҚ қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы мұны қауымдастыққа көрсетілген құрмет, жұмыстың нәтижесі және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудегі еңбекті мойындау деп есептейді.
– Сөз бен істің парқын, шаруаның жүйесін білетін іскерлерден құралған ұйымның еңбегімізді елегені біз үшін өте маңызды, – дейді Р.Кенжеханұлы.
«WikiBilim» қоғамдық қоры ұйым тағайындаған 1 млн теңге сыйақыны ауыр дертке шалдыққан Сезім мен Бегім есімді егіздер мен олардың анасы Толқын Баймахановаға беруді ұйғарды. Қызылордалық отбасы осылайша пәтер ақысын өтей алады.
Назерке САНИЯЗОВА.