Қасиетті жұма күні Жаңақорғанда жағымды шара ұйымдастырылды. Алдымен Кейден ауылына алыс-жақыннан келген қонақтар жиылып, ескерткіш белгінің ашылуына қатысты. Ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев Кейденде кіндігі кесілген азаматтарды туған жері мәңгі есте қалдыруды мақсат еткенін жеткізді. Сонан соң «Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығы үйінде «Қорқыт сарыны» атты танымдық конференция жұмысын бастады.
Бұл шара белгілі қаламгер әрі өнер зерттеушісі, қор¬қыттанушы Сейсен Мұхтарұлына 70 жыл мен журналист Оразбек Мақсұтұлына 60 жыл толу мерейтойына арналды.
Конференцияның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Әйтпембет ашып, Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Файзулла Сахиев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Арыстанбек Қонысұлы, Қазақ¬станның еңбек сіңірген қайраткерлері, суретші Қайырбай Зәкіров пен қаржыгер Қалқазбек Әжібеков, «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Қаныбек Әбдуов, ардагер Жасұзақ Аманбаев естеліктер айтты, қос қаламгердің қазақ руханиятына қосқан еңбектеріне тоқталды.
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, абай¬танушы Мекемтас Мырзахметұлы Сейсен Мұхтарұлы туралы естелігінде «Мағжанның Қорқыты Алтайда туып, Алтайда өмірден өтсе, Сейсеннің Қорқыты Қараспан – Қарашық аймағымен тұстас Қаратаудың қара үңгірінде туылады. Мағ¬жанның Қорқыты өнерге өмірін арнаған ақын, сазгер болса, Сейсеннің Қорқыты ақыл-ойдың, саналылықтың ұйығы, аруақтылық пен рухтылықтың өзегі» деп баға берген. Бұл қорқыттанушы Сейсеннің «Күн желкен» немесе «Қорқыт ата дастаны» кітабынан туған пікір болатын.
Ал, Оразбектің облыстық «Сыр бойы» газетінде ұзақ жыл қызмет атқарып, өңірдің идеология саласына аянбай қызмет еткені, оның қаламгерлік қолтаңбасы бірнеше жинаққа ен¬гені сөз болды. Жалпы, өмірден өтсе де, көңілден кетпеген есім¬дерді жерлестері ерекше еске алды.
Қ.ҚҰРБАН.