Ардақты ақсақалдың атына көше берілді

Ардақты ақсақалдың атына көше берілдіАға ұрпаққа құрмет көрсету – кейінгі буынның бұлжымас міндеті. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып, елдің дамуы үдей түспек. Мұндай үрдіс Сырдария ауданында жақсы жүйеге қойылып, еңбек майталмандарына сый-құрмет көрсетіліп келеді. 
Ел егемендігінің ширек ғасырлық мерейтойы аясында туған жердің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, соғыс және еңбек ардагері Зал Мырзахметовтің есімі қайта жаңғырды. Өмірі өнегеге айналған ардагерге кенттегі жаңа қоныстану аймағынан көше атауы беріліп, лайықты құрмет көрсетілді. Тағылымы мол шараға ауданның ел ақсақалдары мен зиялы қауымы қатысты.
Ұлы Отан соғысының ардагері Зал Мырзахметовке көше атын беруге арналған салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров сөз сөйлеп, жақсы адамның ісі қашанда елге – ұлағат, ұрпаққа – өнеге екенін жеткізді. 
– Халқымызда «Асыл туған адамның алтын жетпес нарқы бар» деген ұлағатты сөз бар. Біз Зал ағамызды өмірі өнегеге толы жан ретінде білеміз. Ол еңбек жолын 1940 жылы «Жаңаарық» колхозында астық жинаудан бастап, 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, бейбіт өмір үшін отты жолдардан өтті. Соғыстан кейінгі жылдары Тереңөзек ауданында ішкі істер бөлімінде ВХСС қызметін абыроймен атқарып, 1975 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, бірнеше мемлекеттік наградаларға ие болды, - деді. 
З.Мырзахметов өмірге парасаттылықпен қарап, әр нәрсені пайымды ойлап, тірлігінде жақсылығын аямай, адал да әділ қызмет жасады. Ұрпақ өсіріп, немере сүйді. Еңбек және соғыс ардагері ардақты ағамыздың өнегеге толы өмірлік жолын ұрпақтан — ұрпаққа жеткізіп отыру біздің парызымыз. 
Тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастыруға себепкер болған Зал Мырзахметовтің ұрпақтары мен туған-туыстарына аудан әкімдігі және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мен соғыс және еңбек ардагері М.Бержанов өңірге белгілі тұлғаның ерен еңбегі, азаматтың болмысы, қажыр-қайраты туралы естеліктер айтты. Өз кезегінде З.Мырзахметовтің жары Несібелі апа еңбектің еленгеніне ұрпақтарының атынан ризашылығын білдірді. Мұнан соң батагөй ақсақал Я.Тасыров жиналғандарға ақ батасын беріп, елдің амандығын, Тәуелсіздіктің баянды болуын тіледі. 
Жиналғандар З.Мырзахметов есімімен аталатын көше бойында естелік суретке түсті. Осы күні кент орталығындағы «Темірқазық» мейрамханасында ардагердің рухына арналып ас берілді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2016 г. 788 0