Қызылорда. Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Алмас Өтешов, елімізде дзюдодан жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атанған балуан Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен әлем және Азия, чемпионатарының қола жүлдегері Дәулет Ниязбековтер «Жылдың үздік спортшылары» атанды.
Үстіміздегі жылы Польшада өткен әлем чемпионатында А. Өтешовтің жүлдегер атануына үлкен үлес қосқан ауыр атлетикдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ержас Болтаев «Жылдың үздік бапкері» атағына лайықты деп танылды. Сондай-ақ, осындай құрметке дзюдодан жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы, Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың дзюдо бөлімшесінде қызмет атқаратын маман Қален Қалиұлы да ие болды. Ол Б.Жауынтаевтың жеке бапкері саналады. Сонымен қатар, көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Сырдария» клубының директоры Сұлтанбек Қобландиннің еңбегі де жоғары бағаланды.