Жаңа жыл қарсаңында мүмкіндігі шектеулі 8 бастауыш кәсіпкерге «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында демеушілік көмек көрсетілді.
Демеушілік көмек «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында табысталды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бизнесмен Бауыржан Махмутов, «Ай-Диас»ЖШС директоры Айнұр Бермағанбетова, ЖК «Шерхан и К» және ЖК «АзияЭкспресс» компаниялары қолдау көрсетті.
Байқоңырлық Айшолпан Қайдаулова мүгедектік арбасына таңылғанына қарамастан үйінен шағын бизнес ұйымдастыра білді. Тапсырыс бойынша мерекелер мен салтанатты кештерге арналған ас-ауқат пісіреді. Бұл өте тиімді әрі түсетін табыс та жаман емес. Кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында Айшолпан «Даму-Көмек» бағдарламасымен көмек алу үшін «Даму» қорына жүгінді. Оның жобасын табысты бизнесвумен Айнұр Бермағанбетова қолдап, кәсіпкерге электрліжәне микротолқынды пеш сыйға тартты.
Сағатбек Сиюов – екінші топтағы мүгедек. Университетте бағдарламашы мамандығын игерген Сағатбек IT-бағытында бизнес бастауға ниетті.
- Үйдің тұңғышы ретінде інім мен қарындасыма қолдау көрсетуім қажет. Мамандық бойынша жұмыс табылмаған соң өз бизнесімді үйден компьютерлік қызмет көрсетуден бастауға шешім қабылдадым. Болашақта IT-компаниямды ашқым келеді. «Даму» қорына көмек алу жөнінде өтініш бергенмін, ал бүгін маған ноутбук сыйлап отыр. Осы орайда қорға және бизнесмен Бауыржан Махмутовқа алғыс білдіремін,- дейді Сиюов Сағатбек.
Соңғы үлгідегі тігін машинасы бірінші топ мүгедегі Несібелі Муслимоваға табысталды. 25-жылдық тәжірибесі бар маманның www.damu-komek.kz сайтында қалдырған өтінішіне ЖК «АзияЭскпресс» компаниясы жауап қатты. Несібелі Муслимова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, қолөнермен айналысып ақша табуды үйренген. Жаңа тігін машинасына ие болған кәсіпкердің ендігі жоспары үйден түрлі өнімдер мен киім-кешектерге тапсырыстар қабылдап, клиенттердің көңілінен шығуды мақсат тұтуда.
Сондай-ақ демеушілік көмекке Жанат Қарақожаева (I топ мүгедегі), Назерке Ізмаханова (III топ мүгедегі), Жансая Дүйсеманова (III топ мүгедегі), Айзат Абсадықова (II топ мүгедегі) және Эльмира Ақмырзаевалар ие болды.
Жыл басынан «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында 30 мүмкіндігі шектеулі бастауыш кәсіпкерлерге демеушілік көрсетілді. Бағдарламаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің қиындықтары мен оларға қажетті ресурстар жөнінде ақпараттандыру деңгейін көтеру арқылы қолдау көрсету болып табылады.