
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыстық партия ұйымының төрағасы келушілердің арыз-шағымын мұқият тыңдап, өтініштердің оңды шешім табуы бойынша сала жауаптыларына тапсырма берді, - деп хабарлады партия филиалының баспасөз қызметінен.
Ең алдымен өңір басшысы облыстық «Невада-Семей» ардагерлері Кеңесінің төрағасы Сәбит Әбішті қабылдады. Облыста онкология ауруымен ауыратындардың қатарында Семей атом полигонынан зардап шеккендердің көп екендігін көтерген Кеңес төрағасы қазіргі облыстық онкология ауруханасының науқастар үшін тарлық етіп отырғандығын айтты.
Өз кезегінде, облыс әкімі аталған проблеманы шешуге байланысты облыстық онкология ауруханасының құрылысына арнап, Қызылорда қаласы маңындағы Талсуат ауылдық округінен 5 га жер бөлініп отырғандығын айтып, нақты кезеңде құрылыс нысанының жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға, облыстық бюджеттен қаржы бөліну жоспарланғандығын жеткізді.
Аймақ басшысының қабылдауында Жаңақорған ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Өркен Құрбанов та болды. Өркен 1988 жылы дүниеге келген. Ата- анасынан ерте айырылса да, тағдырға мойымай жеке кәсіппен айналысып, өзінен кейінгі 4 бауырын, отбасын асырап отыр.Өркен, ауданда алғашқылардың бірі болып гипс өнімінен құс, аң мүсіндерін және бетон өнімдерінен түрлі тұрғын үйге қажетті құрылыс заттарын шығарып, Қызылорда, Түркістан қалаларынан тапсырыстарға ие. Ол аймақ басшысынан алдағы уақытта жеке кәсібін жетілдіріп, Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында бой көтеретін жаңа қаланың абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетуін сұрады.
Облыстық филиал төрағасы Қырымбек Көшербаев жаста болса өзінің іскерлігімен замандастарына үлгі болып жүрген Өркенге ризашылығын білдіріп, ұсынысын қуана қабыл алды. Және Қызылорда қаласы сол жақ жағалауын игеру бойынша бас жоспар дайындалып бекітілді. Бас жоспарға сәйкес, парктер мен саябақтар және көпқабатты үйлер арасында демалыс орындарын орналастыру жоспарланған. Осыған байланысты абаттандыру жұмыстарына тиісті қаржылар бөлінеді. Сол кезде нақты қолдау көрсететінін айтты. Сондай-ақ, мәселені бақылауда ұстауды облыстың сәулет, құрылыс саласы жетекшілеріне жүктеді.
Қармақшы ауданының тұрғыны, жас ана Гүлзат Жәлелова аймақ басшысына аудан оқушылары жазғы демалысты ауданнан тыс жерлерде өткізеді және көпшлігінің бос уақыттары зая кетіп жатқандығын айтып, Қармақшы ауданынан балалар тынығу лагері салынса деген сауалын жолдады.
Гүлзаттың ұсынысына орай партия филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев балалар болашағы партияның үнемі назарында. Қармақшы ауданнан тынығу лагерін салу бойынша 2015 жылы жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс жұмыстарына 1 255 254 мың теңге көлемінде қаржат қажет. Бүгінде балалар лагерінің құрылысын жүргізуге 2017 жылға 100,0 млн теңге, 2018 жылға 500,0 млн теңге, 2019 жылға 655,2 млн теңге бөліну жоспарлануда. Бұл мәселеде 2-3 жылдың көлемінде шешімін табатынын айтып қуантты.
Жалпы бұл күні қоғамдық қабылдауға бес азамат келіп, облыс басшысына тікелей өтініш-тілектерін жеткізе алды. Кездесу барысында тұрғындарды толғандыратын түйінді мәселелердің түйіні тарқатылып, барлық келушілердің ұсыныс, талап-тілектері назарға алынды.