Мереке қарсаңындағы сый-сияпат

Бүгін "Ұлы дала елі – тәуелсіздіктің 25 негізі” атты қайырымдылық акциясы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Қызылордадағы қазақ-түрік лицейінде жалғасты.
Республикалық  шараның басты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал санаттарына көмек пен қолдау көрсету. Алдымен, ұйымдастырушылар акцияны "Ел-Арай” қоғамдық қорынан бастады. Онда көпбалалы отбасына мерекелік сыйлық пен тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар табысталды. 
Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ш.Жүнісова сый-сияпат иегерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, акция жалғасатынын айтты.
– Шараны өткізуге кәсіпкерлер, жастар, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және еріктілер тартылды. Нәтижесінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника, балалар ойыншықтарын тапсыру сияқты материалдық көмек көрсету қарастырылды, – деді ол.
Ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнеткерлерге, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, балалар үйлері мен ардагерлерге барып, жалпы 810 мың теңге көлеміндегі тұрмысқа қажетті жабдықтармен қайырымдылық көмек көрсетті. 
Н.ҚАЗБЕКОВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 желтоксан 2016 г. 573 0