Ұлы даланың ұзан жырлары

Ұлы даланың ұзан жырларыСырдың елі қашан да киелі өнердің шаңырағын биік, керегесін кең ұстаған. Қорқыт баба қобызының сарыны сан ғасырларды артқа тастаса да, қазақтың ғана емес тұтас түркі жұртының өміршең рухани мұрасына айналды. Болашақ ұрпақ бесігі де осынау қасиетті жыр-күйімізбен тербеле берері сөзсіз. Жүрек тебірентер сүйікті саздың күмбірі көңіл күйін көтеруді ғана емес, ел тарихын насихаттап, ата-баба тағылымын төрге шығаруды көздейді. Яғни, жыр – тәрбие мен тағылым бастауы.
Сейсенбіде облыс орталығында Н.Бекежанов атындағы музы­калық драма театрда дәстүрлі орындаушылардың республикалық өнер фестивалі болып өтті. Егемендіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған өнер аламанында Арқа мен Батыстың, Жетісу мен Сырдың саңлақтары күміс көмейден жыр төкті, тыңдарманын теңдессіз әсерге бөлеп, өнер туын биікте желбіретті.
Фестиваль шымылдығын еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Алмас Алматов «Жыр бастауымен» ашты. Жүрегі шалқыған ән, маңдайы жарқыраған өнер тарланынан соң, белгілі жыршы Сәуле Жанпейісова Сыпыра жыраудың термесін толғады. Асылы, қазақ пен жыр өнері егіз ұғым. Өйткені, ұлттығымызды айшықтар қасиет дегенде төрдегі орны төмендемес жыршылықты айтамыз. Өнер фестивалі осынау қадірліміздің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеп берді. Думанды кеште, сондай-ақ, еліміздегі бірден-бір манасшы Баянғали Әлімжанов, Арқа, Жетісу мектебінің өкілі Ерлан Рысқали, Батыс жыр мектебінің орындаушысы Айгүл Қосанова және Рамазан Стамғазиев, Ұлжан Байбосынова жырдан шашу шашты. Бүгінде Сырдағы жыраулық өнердің 4 мектебі қалыптасқан. Олар – Жиенбай жыр мектебі, Сәрсенбай жыр мектебі, Нұртуған жыр мектебі, Нартай жыр мектебі. Қазіргі таңда бұл мектептердің түлектері әлемдік сахнада Сыр елінің жыр мектебін паш етіп жүр. Облыстың әр өңірінде ашылған жыраулық мектептерге кәсіби мамандар тартылып, сауатты орындаушылар өсіп-жетілуде. Бабадан қалған мақам-саздар сахна көркіне айналып, ұлттық өнердің өрісі күннен-күнге кеңеюде. Осынау мектептердің белгілі өкілдері де кеш көрігін қыздырды. Атап айтқанда, Елмұра Жаңабергенова, Арнұр Көшеней, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпенова, Өмірқұл Айниязовтар тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
Нағымжан САУЯЕВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 желтоксан 2016 г. 910 0