
«Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткен «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары - 2016» республикалық көрме-байқауында Қызылорда облысынан «Сыр маржаны» ЖШС-і «Атамекеннің» арнайы тағайындаған «Іскер - 2016» сыйлығына ие болды.
Айта кету керек, шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет басшысы, сондай-ақ сала жетекшілері мен еліміздегі бизнес өкілдері қатысты.
1999 жылы жұмысын 35 адаммен бастаған «Сыр маржаны» бүгінде Қазалыдағы «Ақтан батыр» ауылының тұрғындарын жұмыспен толықтай қамтып отыр. Қазіргі таңда «Сыр маржаны» күрішті өсіру және өңдеумен айналыса отырып, аймақтың ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып отырған ірі компаниялардың бірі.
Алғашқы жылдары компания 350 гектар жерге өнім еккен болса, бүгінде оның көлемі 2100 гектарға жетті. «Кубань», «Ақмаржан», «Новатор», «Лидер» сынды күріш сорттарын егетін «Сыр маржаны» алынған шикізатты өңдеу үшін сағатына 5 тонна күрішті өңдейтін зауыт салды. Алынған өнімді тек ішкі нарыққа ғана емес сонымен қатар Ресей, Украина, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан елдеріне шығаруы сапасының қаншалықты сапалы екендігін өзі айтып тұр.
«Сыр маржанының» ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлес тек мұнымен шектеліп қалмайды. Компания 2006 жылдан бері мал шаруашылығымен де айналысып келе жатыр. Көрші Атырау облысынан алынған 500 асыл тұқымды қойлардың саны бүгінде 3 есеге өсті.
Қызылордалықтар компанияның әлеуметтік салаға қосып жатқан үлесін мақтанышпен айтуда. «Сыр маржаны» ЖШС-і басшысы Мінажадин Өтеев жыл сайын халықтың әлеуметтік әлсіз тобына қаржылай 2 млн.теңгеден астам қаржы бөліп, ардагерлер мен балалардың тынығу орындары мен демалыс лагерлеріне баруына жағдай жасап келеді. Мұнан өзге «Ақтан батыр» ауылындағы 2 қабатты компанияның ғимаратына балабақша ашқызса, Шәкен ауылында 100 орындық мәдениет үйін, Әйтеке би кентінде ардагерлер қоғамына арнайы ғимарат салып берді.
Компанияның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Атамекен» ҰКП арнайы «Іскер - 2016» сыйлығымен марапаттады.
Қызылорда облысының
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі