Облыстық медицина орталығында «Орта буын медицина қызметкерлерінің жұмысын жүйелендіру» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Шараның мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы орта буын қызметкерлерінің жұмысын зерделеу, жаңа стандарттарға сәйкес мейірбике қызметін жүйелендіру тетіктерін талқылау болып табылады.
Семинарға ҚР ДСжӘДМ мейірбике ісі жөніндегі бас маманы Сұлтан Сейдуманов қатысты. Басқосуды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова жүргізіп отырды.
Жалпы, медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кейін бақылау жасайтын орта буын қызметкері, яғни, мейірбике екені белгілі. Өйткені, емдеуші дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі көрсетілген ем-домның қалтқысыз орындалуына тікелей байланысты. Көптеген жылдар бойына мейірбикелер науқасқа медициналық көмек көрсету мәселелерінде дәрігердің көмекшісі ретінде қарастырылған. Алайда, қазіргі уақытта мейірбике ісіндегі негізгі міндеттердің бірі, олардың ролін арттыру және мейірбике кәсібінің маңыздық жаңаруы орын алуда. Семинарда С.Сейдуманов жаңашыл мейірбикелер қызметі, оларға қойылатын талаптар жөнінде жиынға қатысушы емдеу ұйымдарының бас дәрігерлері мен бас мейірбикелерге кеңінен түсіндірді.
Оның айтуынша, алдағы уақытта мейірбике өз алдына дәрігерге дейінгі бөлмеде науқасты қабылдап, рецепт жазуға мүмкіндік алатын болады және балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра емдеуді қолға алып, ақпараттық технологиялармен жұмыс жасауды игереді. Сондықтан бүкіл әлемде мейірбике ісі мамандары тек негізгі техникалық және мамандандырылған білімімен тоқталмай, бакалавр, магистратура және доктарантура деңгейінде білім алуды көздейді.
– Елімізде 2020 жылға дейін мейірбике ісін дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Кешенді жоспарда іске асырылуы тиіс міндеттердің қатарында медициналық колледждер базасында эксперимент режимінде қолданбалы бакалавр мамандарын даярлау ісі аталған. 2014-2015 оқу жылында республика бойынша қолданбалы бакалавр мамандарын даярлаудың білім бағдарламасы оқу процесіне енгізілген 6 колледждің бірі – Қызылорда медицина колледжі. Қазіргі таңда 50 студент білім алуда,–деп атап өтті С.Сейдуманов.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу ұйымдарында барлығы 8211 орта буын медицина қызметкері еңбек етуде.
Айнұр БАТТАЛОВА.