
Өңірлік коммуникациялар орталығында Елбасы тапсырмасына сәйкес «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жобасын түсіндіру мақсатында сала басшыларының қатысуымен брифинг болып өтті. Оған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аманжол Алдажаров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бекішов және облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы қатысты.
Аталған бағдарлама бұған дейін жүзеге асырылып келген «Жұмыспен қамту -2020», «Бизнестің жол картасы-2020» секілді бағдарламалардың жалғасы болып табылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты–жастарды жаппай оқыту және кәсіпкерлік арқылы нәтижелі жұмыспен қамту үшін кірістердің өсуіне жағдай жасау. Сонымен қатар ауылдық жерлерде кәсібін ашуға ниетті, ынталы азаматтарға көмек қолын созу. Кәсіппен айналысатындарға кәсіпкерліктің қыр-сырын білетін бизнес өкілдері өз тәжірибесімен бөлісіп, үйрететін болады.
Алдымен сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аманжол Алдажаров 2011 жылдан бастау алған «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы осы уақытқа дейін аймағымызда 27 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 6 мың адам кәсіпкерлік біліктілігін арттырғанын алға тартты. Сондай-ақ, 5 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласындағы жеңілдетілген шағын несиеге ие болған. Бастысы, бағдарлама нәтижесінде өңірдегі жұмыспен қамтылған халық саны 2,5 пайызға артып, жұмыссыздық деңгейі 12 пайызға төмендеген. Енді алдағы уақытта жаңа бағдарлама өз жемісін беріп, тиімді жұмыс атқаратындығын да тілге тиек етті.
Ал, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев келер жылдан бастап бағдарлама аясында «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру мақсатында облыста кешенді шаралар қабылданатындығын айтып берді. Қазіргі таңда өңірімізде техникалық және кәсіптік білім беретін 31 қолледж бар. Оның 16-сы мемлекеттік және 15-і жеке меншік білім ордасы болып табылады екен. Оған қоса, облыста кәсіпорындар жанынан ашылған 2 оқу орталығы жұмыс жасайды. Бүгінде 97 мамандық бойынша жастарды оқыту ұйымдастырылып, әсіресе жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Сонымен бірге жобаға 1-ші және 2-ші нысаналы топтар бойынша қатысушылар анықталған. 9-сыныпты бітіруші – 4103, 11-сыныпты бітіруші – 622, біліктілігі жоқ – 994, жұмыссыз – 4734, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 14210 және колледждер мен жоғары оқу орындарынан оқудан шығып қалғандар енді жоба бойынша техникалық, технологиялық, қызмет көрсету және сервис, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес саласына қажетті мамандықтар бойынша кәсіп игеретін болады. Өз хабарламасы соңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Е.Қарабалаев 2017 жылы жоба аясында техникалық, технологиялық, қызмет көрсету және сервис, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 4200 адам, оның ішінде 2685 жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыспен, 1515 республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алатынын жеткізді.
Брифинг барысында жаңа бағдарламаға қатысты облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бекішов және облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға басқарма басшылары тұшымды жауап берді.
С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ