А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай және Халықаралық мүгедектер күні шеңберінде «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты облыстық конкурс жеңімпаздарының қатысуымен «Армансыз күнім болмайды» салтанатты шарасы болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Қ. Ысқақов жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті жерлестер, қадірменді қауым. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аударылып отыр. Кез келген мемлекетте бірінші кезекте балалар мен қарттарға және мүгедектерге жағдай жасалады. Осы мақсатта өңірімізде ауқымды істер атқарылып, нәтижесін беруде. Бүгінде облыста 29 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында 2013 жылғы жол картасы қабылданған болатын. Оны жүзеге асыру үшін үш жылдың ішінде бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Нәтижесінде жол картасы аясында мүгедектерге арналған оңалту орталығына нерв жүйесі зақымданған мүгедектерді оңалту үшін терапия аппараты алынды. Соның арқасында 3 жыл ішінде 46 мүгедек арбаларын, 63 адам балдақ таяқтарын тастап өздігінен жүре бастаған. Сондықтан медициналық оңалту, әсіресе әлеуметтік мекемелер желісін дамытуға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Бұл бағытта облыста мүгедектерді медициналық және әлеуметтік оңалту бағдарламасы 100 пайызға орындалды. Қазіргі таңда мүгедектерді жұмыспен қамту бірінші кезекте тұрған мәселе. Жұмысқа қабілеті бар жандар толық жұмыспен қамтылып отыр. 2018 жылдан бастап әрбір мекеме мен ұйымдар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жұмыс орнын құруға міндетті болады. Қозғалуы қиын жандарға арнап әлеуметтік такси қызмет көрсетеді. Осы жылы бұл мақсатта тиісті қаржы бөлініп, 18 әлеуметтік такси қызметі облыстағы барлық аудандарда да жүзеге асты. Міне, осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады, –деді облыс әкімінің орынбасары.
Мүмкіндігі шектеулі болса да, өзін қоғамның толыққанды мүшесі санап, еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыз жетерлік. Олардың еңбегіне қарап сүйсінесің. Ерлікке балайсың. Қатарынан қалмай, кәсіппен айналысып, несібесін тауып отырғандарды үлгі етуден жалыққан емеспіз. Еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында олар да қажыр-қайратын танытуда. Сонымен қатар мұндай жандарға үнемі қолдау көрсетіледі. Осы ретте салтанатты шарада арнайы облыс әкімінің Алғыс хатымен бірқатар мүмкіндігі шектеулі жандар, ұйым жетекшілері мен қайырымды азаматтар марапатталды.
Концертте «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» атты облыстық конкурс жеңімпаздары, облыстық филармония әншілері мен бишілері ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала биледі. Талантты жастар авторлық шығармаларын орындады. Кішкентай балғындардан құралған бишілер тобының өнері көпшілікті сүйсінтті. Жас өнерпаздар түрлі ұлттық аспаптарды қолдана отырып, қазақ өнерінің төл туындыларын да орындады.
Гала концерт соңында өнерпаздарға облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Шараға қатысушы барлық өрендерге естелік сыйлықтар таратылды. Қолөнер көрмесі тамашаланды.
Сара АДАЙБАЕВА.