Мереке қарсаңындағы басқосу

Мереке қарсаңындағы басқосу«Достық үйінде» Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты облыстық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» отырысы болып өтті. Оған денсаулық сақтау басқармасының мамандары, Қорқыт ата атындағы ҚМУ тарихшы-ғалымдары, облыстық, қалалық архив саласының мамандары және студенттер қатысты.  
Шараны облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мира Әбуова ашып, «дөңгелек үстел» отыры¬сының маңыздылығына кеңінен тоқталып, қатысушыларды айтулы мерекелерімен құттықтады.
Жалпы, өткізілген шара архив саласының жыл бойы атқарған жұмыстарын қорытындылау, денсаулық сақтау саласымен бірге атқар¬ған жұмыстарын саралау және Тәуелсіздік жылдарындағы архив мекемелерінің тыныс-тіршілігін, жетістіктерін талқылауға негізделді.
Алдымен тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай «Егемен Қазақстанға 25 жыл: Жеңістер мен жетістіктері» тақырыбында баяндама жасап, облыстағы архив қызметкерлерінің белсенділігі жайында айтып өтті. Одан әрі сөз алған қалалық архив директоры Жұлдыз Байғараева тәуелсіздік жылдарындағы архив саласы дамуы туралы кеңінен тарқатып берді. Тәуелсіздік жылдарына дейін облыстағы 3 архивте сақталған құжаттардың саны 160 мың болса, қазіргі кезде бұл мекемелердің саны 11-ге жетіп, 110-нан астам адам еңбек етіп келеді. Сонымен бірге құжат саны 670 мыңнан асып, 3394 қорға толыққан. Соңғы үш жылда аудандық 6 архив мекемесі заман талабына сай жаңартылды. Бастысы, Байқоңыр қаласынан қазақстандық мекемелердің құжаттарын жинақтайтын архив мекемесі жаңадан ашылған. Тағы бір айта кетерлігі, аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығында орналасқан архив мекемелерін бір орталыққа шоғырландырып, қор сақтау қоймаларын кеңейту мақсатында Қызылорда қаласынан 600 мың құжатты сақтау бірлігіне арналған 5 қабатты «Архивтер үйі» ғимаратының құрылысы басталды. Сондай-ақ, облыстағы архив жүйесі республикада бірінші болып «Электронды архив» ақпараттық жүйесін құрып, қолданысқа енгізді. Облыстық бюд¬жеттен қаражат бөлініп, нәтижесінде 15 бағдарламашы маман, 2 серверлік құрылғы, 24 жоғары жылдамдықтағы сканер, 26 компьютер алынған. Соның арқасында архив қорында сақтаулы тұрған құжаттардың 30 пайызы электронды цифрлық форматқа көшірілген.
Шара барысында биылғы жылдың «Үздік жас архивист» номинациясын жеңіп алған облыстық мемлекеттік архив қызметкері Ақгүл Бекмағамбетова «Архив тарихы тәуелсіздік тұсында» және  Гүлзада Баймұханова «Тәуелсіздік таңында медицинаның дамуы» тақырыбында баяндама жасады.
Жиын соңында  облыстық денсаулық басқармасына қарасты мекемелер арасындағы үздік ведомстволық архив басшылары марапатталды.
Сара АДАЙБАЕВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 желтоксан 2016 г. 726 0