
Кеше Қызылорда Облыстық мекемелер үйінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кезектен тыс 9-сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Күн тәртібінде облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 10 желтоқсандағы 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы №325 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Осыған орай экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады. Ол кіріс көзінің тиянақты және мақсатты орындалғанын атап айтты.
Кіріс көзін сапалы орындау мақсатында жыл соңына дейін облыстық бюджеттің кіріс көзін, қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақы түсімін 2 млрд теңгеге қысқарту жоспарланған. Сәйкесінше 2016 жылға арналған облыстық бюджет шығындары осынша көлемге азайтылып отыр. Оның ішінде бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген, жыл аяғына дейін пайдаланылмаған, 2017 жылы қаржыландыруға қалдырылатын қаржылар қысқартылуда.
Сессияда басқарма басшысының хабарламасына байланысты уәкілетті органдардың тарапынан берілген ұсыныстар қаперге алынып, шешімге енгізілетін өзгерістер туралы сөз болды. Аталған мәселеге сәйкес облыстық мәслихат депутаттарының ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, шешім бірауыздан қабылданды.