«Тәуелсіздіктің 25 жылдызды күні» шарасы аясында М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде Ұлттық валюта күніне орай «Ұлттық теңге – ұлт мақтанышы» атты тақырыпта қаржы саласының мамандарымен ақпараттық-танымдық кездесу болып өтті. Оған қаржы бақылау саласының ардагері Серік Сыздықов, аталған колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Досмаханова, «Цеснабанк», «ЦентрКредит» АҚ банктерінің мамандары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Шараның мақсаты Тәуелсіз еліміздің ең бірінші айрықша белгісі – теңгемен жастарды тереңірек таныстыру, өткен ғасырлар аралығындағы қол¬да¬нылған ақша түрлерімен, ақша айналымы тарихынан мағлұмат беру және оқушылардың іскерлік, кәсіпкерлік, ақша туралы түсініктерін кеңейту болып табылды.
Жиынға қатысушылар теңгенің қолданысқа енгізілу тарихы жөнінде 1993 жылдың 12 қарашасы күні Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлықты шығарғаны жайында бейнеролик тамашаланды. Мұнан кейін сөзді қаржы бақылау саласының ардагері Серік Сыздықов алып, өткізіліп отырған шараның жас¬тар үшін маңызы зор екенін алға тартты.
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін төл теңгемізді қолданысқа еніп, тарихи оқиға орын алды. Сол тұста қызу жұмыстар жүріп жатты. Жарлық шыққан күннен бастап еліміздің Ұлттық теңгесін әзірлеуге бағытталған жұмыстар жалғасып, ол екі жылға созылды. Алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. 1995 жылдан бастап еліміздің төл теңгесі өзімізде басылып шығып жатты. Сол тұста мен облыстағы қаржы бақылау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқардым. Уақыт өте келе теңге нығайып, әлемдік деңгейде өз орнын қалыптастырды. Жас¬тар, сендер де, тәуелсіз еліміздің басты құн¬дылықтарын біліп, оны құрметтеуге және дәріп¬теуге міндеттісіздер. Себебі, еліміздің келешегі сіздермен тікелей байланысты,-деді сала ардагері С.Сыздықов.
Одан әрі банк саласының қызметкерлері арнайы дайындаған хабарламаларын оқыды. Ойларымен бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған төл теңгеміздің халықаралық деңгейдегі орны мен қолданысы жайындағы сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, ойларын ортаға салды.
Шара соңында студенттер Тәуелсіз еліміздің 25 жылдығына орай дайындалған арнайы патриоттық әндер мен шығармаларын көпшілік назарына ұсынды.
Жалпы, Ұлттық валюта күніне орай білім беру ұйымдарында дәрістер, көрмелер мен кездесулер өтуде. Соның бірі №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатында жалғасын тапты.
Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.