Ерен табысымызды айқындаған құжат

 Ерен табысымызды айқындаған құжатПарламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы» қабылданған болатын. Осыған орай «Достық үйінің» мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік Декларациясын қолдау ниетінде актив отырысы өтті. Оған облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Л.Төрешова, қалалық «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы С.Әбішев, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ, аналар кеңесі мен жастар қанаты мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. 
Шараны жүргізуші облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясы еліміз үшін ерекше орын алатын маңызды құжат, маңызды шешім. Осы қабылданған құжат біздің тарихымыз және болашақ ұрпағымызға қалдыратын мұрамыз», – деп атап өтті. Ал облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова да еркін еліміздің ерен табысын айқындаған декларацияның құндылығына тоқталды. Декларация Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолы мен ауқымды жетістіктерін, Ұлы Дала елінің «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясындағы жеңістерін бейнелейтін маңызы ерекше құжат болып табылады. Отанымыздың өркендеп, жағдайымыздың жақсаруында Мемлекет басшысының еңбегі ұшан-теңіз. Бұл біздің тарихымыздың ажырамас бөлігі әрі ақиқат шындығы», – деді Ләйлә Бегалықызы. 
Актив барысында қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев елімізде бірлік, бейбітшілік пен келісімді адамгершілік және этикалық нормалары ретінде қалыптасқанын айта келе, Астанада «Tәуелсіз Қазақстан» монументін орнату идеясын толық қолдайтынын жеткізді. 
Актив отырысында сөз алған «Славяне қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова елді ұлы мұратқа ұйыстырған Елбасының еңбегін бағалай білу әрбіріміздің міндетіміз екендігін айтып өтті. 
Жиында ғылыми-сарапшылық топ мүшесі Сәулет Сахиев, облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Нұрсәуле Мұсаева, «Қызылорда кәрістер қауымдастығы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Вилорий Шин, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық жастар қанаты төрағасының орынбасары Альфия Шайхутдинова сөз сөйлеп, маңызды құжаттағы аталған бастамаларды толықтай қолдайтындарын жеткізді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қараша 2016 г. 714 0