Жыр патшалығындағы өр ақын

Жыр патшалығындағы өр ақынКеше Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің «Ақыл мен сезім бұрқағы» атты поэзия кеші өтті. Жыр марғасқасы биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Мерейтой иесін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады. 
– Бүгін Сыр елінде сыршыл да сырбаз ақын Шаһизада Өтетілеуұлының шығармашылық кеші өтуде. Осы орайда сізді адам өмірінің бір белесі – алпыс жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын. Арманыңыз таусылмасын, қаламыңыз мұқалмасын. Оқырманға ой салар туындыларыңыз көбейе берсін, – деді облыс әкімі. 
Аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың мерейтой иесіне арнаған құттықтауын оқып, иығына шапан жапты. Осы ретте келесі жылдан бастап Сыр елінде «Парасатты поэзия» атты ақындар фестивалін өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жағымды жаңалықты жырсүйер қауым жылы қабылдады. 
Қазақ поэзиясының алтын ғасыры болған өткен ғасырдың сексенінші жылдары өлең патшалығына талантымен тас жаратын толқын келді. Солардың қатарында алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» атты жинаққа енген, бүгінде есімі елге мәлім Шаһизада Әбдікәрімов те бар. Ол қалалық телеарнаны аяққа тұрғызуда да талмай тер төкті. Бүгінде ол басқаратын «Қоғам ТВ» шығармашылық ұжымы мен материалдық-техникалық базасы қалыптасқан ақпарат құралына айналды. Шаһизада Өтетілеуұлының мемлекет мүддесіне, қоғам өміріне қосқан еңбегі орасан. Екі шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өңірдің өзекті мәселелерін шешуге үлес қосты. Ал биыл Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығының президенті болып сайланып, республикадағы тәуелсіз 22 телеарнаның басшылары белсенді азаматқа сала жұмысын одан әрі жандандырады деген сенім артты. 
Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз алып, басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің жылы лебізін жеткізді. Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров, ақын Жүрсін Ерман, Қазақстан Ұлттық телехабарлар тарату қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаева, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев тілектестік білдірді. Өз кезегінде Ибадулла Құттықожаев мерейтой иесіне «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатын жеткізіп, кеудесіне «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін тақты. Елдің әр түкпірінен келген ақынның әріптестері Шаһизада Өтетілеуұлына шығармашылық табыс, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. 
«Өмірде ақындардың бәрі туыс, Өнерде бақталасым – Абай ғана» деп жырлаған поэзия гладиаторы жиылған жұрттың алдында жыр оқыды. Жергілікті өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, кештің шырайын кіргізді. «Сүлей дария» өлеңдер жинағы, қырғыз ақындарының «Тәржіма» аударма кітабы, «Алпыс құлан қайырған» шығармашылық жинағы және жазушы Бауыржан Омаровтың «Гладиатор» кітаптары көрерменге таныстырылып, тұсаукесері өтті. 
Назерке САНИЯЗОВА,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қараша 2016 г. 752 0