«Үкілі үміт» байқауы қуаныш сыйлады

«Үкілі үміт» байқауы қуаныш сыйладыОблыстық мүгедектерге арналған оңалту орталығында «Үкілі үміт» атты мүмкіндігі шектеулі жандардың өнер байқауы өтті.
Ел Тәуелсіздігінің ширекғасырлық мерейтойына арналып, ұйымдастырылған шара облыстық арда¬герлер ұйымының қолдауымен жоғары деңгейде өткізілді. Өнер бәйгесіне қатысушы 35 мүмкіндігі шектеулі ардагер ата-әжелер мен жас өнерпаздар «жекелеп ән айту», «ансамбльдік орындау» және «жеке аспапта ойнау» бойынша бақтарын сынады.
Шараның ашылу салтанатында облыстық арда¬герлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов қатысушыларға сәттілік тіледі. 
– Ата-бабамыздың сан ғасырдан бері ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан ізгі мұраларын, данагөй қарияларымыздың бойындағы ұлттық үрдістегі өнері мен өнегесін жас ұрпақтың бойына сіңіре білуіміз қажет. Бұл байқау ардагерлеріміздің шығармашылық қасиеттері арқылы жастарымызға эстетикалық тәрбие береді. Мүмкіндігі шектеулі, өнерлі жандардың шығармашылығын айқындап, қолдау-құрмет көрсетсек, олардың қоғамдық жұ¬мыс¬қа деген белсенділігі артады. Өмірде мүмкіндігі шектеулі болғанымен, тағдырға тура қарай алатын жандарды көпшілікке үлгі етіп көрсету мақсатында ұйымдастырылған шара әрі қарай жалғасын табары сөзсіз. Себебі оларға қарап мұңая алмайсыз, кері¬сінше өмірге деген құштарлығыңыз артады, – деді. 
Қамкөңіл жандарды өнер бәйгесінде ұштауды мақсат еткен байқауға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағамбетова және Рамазан Тайманов, Мұрат Құттымұратов сынды белгілі өнер иелері төрелік етіп, бағасын берді. Халықтың көңілінен шыққан байқаудың нәтижесінде «Жеке ән орындаушылар» номинациясы бойынша сексеннің сеңгіріне шыққан Байділдә Сәрсенов өзінің шығармашылығындағы термесімен үздік деп танылып, I орынды иеленсе, көрермен көңілінен шыққан Күлпаш Күншығарова, Диана Смағұлова жүлделі II орынға лайық деп танылды. Ал қоңыр дауысымен елді елең еткізген жас әнші Әкімжан Өміртай III орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, «Сәулем-ай» әжелер ансамблінің әндері жұртшылықты таңдай қақтырып, топтық номинация бойынша жүлдегер атанды. «Жеке ас¬папта орындау» аталымы бойынша «Қорқыттың күйін» қобызбен егілткен Бақытжамал Қаржауова бірінші орын алса, екінші және үшінші орындарды Асқар Қолдабеков пен Мариям Жұмамұратова өзара бөлісті.
Жалпы барлық қатысушылар ақшалай сыйлық¬тарға ие болып, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов Алғыс хаттармен мара¬паттады. Ал жеңімпаздар мен олардың кейіп¬керлеріне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Талсуат ауылы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қараша 2016 г. 716 0