Облыстың Шиелі, Жаңақорған аудандарының елді мекендерін аралап, жұртшылықпен кездесу өткізіп жүрген ақпараттық топ өкілдері өз сапарларын одан әрі жалғастырды.
Ауылдағы ағайынмен болған кездесулерде елімізде атқарылған жүйелі жұмыстар туралы тарқатылды. Мұның бәрі Мемлекет басшысының байыпты саясаты мен әрбір қазақстандықтың ел үшін жұмыла тіршілік етіп, ынтымақта өмір сүруінің нәтижесі екендігі айтылды. Екінші күнгі сапар барысында аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов жетекшілік еткен топ таңертең даңғайыр диқан Ы.Жақаев ауылының тұрғындарымен жүздесті. Аудандық мәслихат хатшысы Ә.Оразбекұлы жыл ішінде ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасаса, облыстық мәслихат депутаты Тілеуберген Шаутай облыстық мәслихаттың сессияларында қаралып, шешімін тапқан мәселелерге кеңінен тоқталды. Айта кетейік, халық қалаулысын Шиелі жұртшылығы ерекше құрмет тұтады. Өйткені, ол сайлаушыларымен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түреді. Депутат аудандағы 7 бірдей мешіттің салынуына мұрындық болып, тұрмысы төмен, мүмкіншілігі шектеулі мұқтаж жандарға өз есебінен қол созатыны бар. Жалпы, сауапты ісі мол, алтын жүректі азамат елге жанашырлығымен танылған.
Ақпараттық топ мүшелеріне тұрғындар да өз тілек-ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Жақаев ауылының тұрғыны 80 жастағы ардагер Мұрат Жүсіпов «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай» мына заманға ризашылығын жеткізді. «Басқаны қайдам, осындай рахат кезеңді көргенім жоқ, осының қадірін балалар білуі керек», – деп ойын жеткізген қария телеарналардағы жосықсыз хабарларға наразылығын білдірді. «Балаларды теледидар тәрбиелеп жатыр, сондықтан, елге өнеге, үлгі болатын бағдарламалар жиі берілсе», – деді ол. Ал зағиптар қоғамының мүшесі Төрехан Әшірханұлы осыдан он жыл бұрын алған 10 гектар жерін ескертусіз кері алынғанына ренішін білдірді. Оған тиісті мекеме басшысы Қайрат Тоғызбаев заңдылықты түсіндіріп, нақты жауап берді. Ауыл тұрғыны Мария Майданова бол¬са, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге инфра¬құрылым тартылуының тәртібін білгісі келді.
Жаңатұрмыс ауылындағы кездесу де қызу өткізілді. Жұрт аймақтағы жалпы жағдайға қанығумен бірге, өз көкейлеріндегі сауалдарды іркілмей жолдады. Бұл жерде тиісті мекеме басшысы Төреахмет Жолымбетов зейнетақы төлеу барысындағы жаңалықтарды ортаға салды. Сауалдарға да толымды жауап берді. Аталған ауыл тұрғындары Еркеш Бекпенбетов, Өтеген Нәлібаев, Молдажан Сүйінішбаев көмір бағасы, тұрғын үй үшін жер телімі берілуі жөніндегі сауалдарына жауап алды.
Ал «Жиделіарық» ауылының тұрғыны Сағи Есімұлы ауылдағы жастардың жұмыссыздығына алаңдаушылығын білдірді. «Өмірге жас нәрестелер келіп жатыр, бірақ, мұндағы тұрғындар саны өспейді. Себебі, ауылдан көшіп кетушілер бар», – дейді ол. Ал Ізімхан Шойбековті ауылдағы клубтың тозығы жеткендігі мазалайды.
Жалпы алғанда, жиын түсіністікті әңгіме барысында өрбіді. Жамағат елдің дағдарысты жеңіп, одан әрі дами беруіне атсалысуға пейілді екендігін ісімен де, сөзімен де дәлелдеуге құмбыл.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.