Кеше Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында "Жергілікті өкілді орган – мәслихаттың қоғамдағы ролі” тақырыбында конференция өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың 1-6 шақырылым аралығында сайланған депутаттар, қалалық және аудандық мәслихат хатшылары мен қалалық мәсли¬хат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлері қатысты.
Басқосуда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері мәслихаттың қоғам өміріндегі орны мен депутаттардың атқарған еңбегі айтылды. Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов мәслихат тарихы жайында сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Мұнан соң көпшілікке "Жергілікті өкілді орган-мәслихаттың қоғамдағы ролі” тақырыбында бейнеролик көрсетілді.
Жиында облыс бойынша педогогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты "Мұғалімнің кәсіби дамуын педогогикалық-психологиялық қамтамасыз ету” кафедрасының меңгерушісі Баймырза Қожамберлиев "Мәслихаттың қоғамдағы орны мен ролі” тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, "Қорқыт ата” атындағы ҚМУ-дың "Экономикалық теория және мемлекеттік басқару” кафедрасының меңгерушісі Қамар Бекетова "Мемлекеттік басқару жүйесінде жергілікті өкілді органдар жұмысын жетілдіру” тақырыбына тоқталды.
Мұнан соң Қазақстан мәслихаттарының "Құрметті депутаты” Алмагүл Божанова мен Нұрмұрат Ерманов тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасыр аралығындағы даму жолы мен толағай табыстары жайлы өз ойларымен бөлісті.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.