
Қызылорда қаласында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысымен танысты, - деп хабарлады "Даму" қоры филиалының баспасөз қызметінен.
«Қызылорда Строй Монтаж» БК ЖШС негізі қаланған уақыттан бері түрлі металл өнімдерін, цемент сатумен айналысып келеді. Биылдан бастап қаңылтыр (профнастил) шығаруды қолға алды. Серіктестік директоры Ким Александрдың сөзінше, Қызылордада қаңылтыр (профнастил) сатумен бірнеше компания айналысады. Бірақ оны өндіруші зауыт жоқ. Нарықтағы өнімнің барлығы басқа аймақтардан жеткізіледі. Кәсіпкер сондықтан металлпрофил бағытында жұмыс істейтін цех ашуды жөн көрді. Бұл жоспар бағдарлама аясында жүзеге асып, кәсіпорынға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 14% жылдық үстемемен 92 млн. теңге көлемінде несие берілді. Компанияның қарыздық ауыртпашылығы мемлекет есебінен 4%-ға дейін төмендетілді. Несиені кәсіпорын қаңылтыр (профнастил) шығаратын автоматтандырылған құрылғы мен дайын өнімді тасымалдауға арналған арнайы техника сатып алуға жұмсады және айналым қаражатын толықтырды. Бүгінде компания өзге құрылыс материалдарын өндіретін желіні іске қосу мақсатында қосымша қаржыландыруға қол жеткізу үшін құжаттар пакетін жинақтауда. Бұл өз кезегінде шығатын өнімді әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қызылордада жалғыз және бірегей кардиологиялық клиника ашқан Жаңабай Рысбаев бизнесі туралы баяндады. Клиника ашпас бұрын ол мемлекеттік ауруханада 30 жыл қызмет атқарған. Жеке бизнесін бастау мүмкіндігі 55 жасында туды әрі осы салада оның жұбайы компания менеджментін қолға алып, көмегін тигізуде. Жаңабай Рысбаевтың айтуынша, аймақта ақылы медициналық қызмет бизнес ретінде жылдам дамуда. Алайда, ешбір жеке клиника жүрек ауруларына аса көңіл бөліп, соған бағытталған жұмыс жасамайды. Кардиоорталық кардиология саласында кеңестік, диагностикалық және емдік көмек секілді барлық қажетті қызметті көрсетеді. Мұнда тек диагностика жасап қана қоймай, күндізгі стационар базасында емдеу шараларын да ұсынады. Жақын аралықта клиника ұсынатын қызмет түрлерін арттыруға мүмкіндік берген жаңа диагностикалық ультрадыбыс стационары жүйесіне қол жеткізді. Құрал-жабдық сатып алу үшін кәсіпкер бастауыш кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталған бағдарламаға қатысты. «Даму» қоры «КардиоМед» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында банктен несие алу үшін қажет болған 85% кепілдемесін ұсынды. Сонымен қатар компания несиесінің үстеме пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.
Мемлекет қолдауы арқылы бизнесін әртараптандырып, жаңа өндірісті іске қосқан «Фирма Best-Service LTD» ЖШС 6% жылдық үстемемені өңдеуші өнеркәсіптегі ШОБ қолдау бағдарламасы аясында «ForteBank» АҚ несие рәсімдеді. Қаржы ресурстары тағамдық азық-түлікті жылдам мұздататын өндірістік мұздатқыш камералары, кондитерлік және ет өнімдерін шығаруға арналған құралдар желісін және дайын өнімді тасымалдау мен жеткізуге арналған автокөлік сатып алуға жұмсады. Кепілмүлкі жетіспеушілігі мәселесін компания «Даму» қорының 50% кепілдендіру құралы аясында шешіп, банктен несие рәсімдеді. «Фирма Best-Service LTD» ЖШС негізгі қызмет бағыты ет, кондитерлік және нан өнімдерін шығаруды ұйымдастыру. Бүгінгі таңда ет өнімдерін өңдеу саласы бойынша аймақта бес компания жұмыс жасауда. Ішкі нарықтағы үлкен дефицит жобаның табысты жүзеге асуының және осы бағытта компания дамуының кепілі болатыны анық. Мекеменің өндірістік базасында ет, балық,көкөніс, кондитерлік, сүрлейтін, жартылай дайын өнім шағаратын және тұшпара цехтары жұмыс жасайды. Мекеме басшысы өндіріс басқаруға және қызметкерлерді оқытуға арнайы технолог мамандарын Украина елінен шақыртып, кәсібін дөңгелетуде.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асқан уақыттан бастап барлығы Қызылорда облысы бойынша жалпы сомасы 24,5 млрд. теңге болатын 373 кәсіпкердің жобалары қолдау тапты. Соның ішінде 131 кәсіпкерлік субъектісі несие алу үшін «Даму» қорының кепілдендіру құралына жүгінді. Кәсіпкерлердің несиелері бойынша төленген субсидияның жалпы сомасы 2,843 млрд. теңгені құрап отыр.