
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ақын, Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімовпен кездесу өтті. Сырдың арқалы ақыны биыл асқаралы алпыстың асуын бағындырып отыр.
Жетермін бір күн мұратқа,
Сенімін елдің өтермін.
Шын дүбір жетсе құлаққа,
Шылбырымды үзіп кетермін... – деген шайырмен кездесу кешіне жиналғандар қатары мол болды.
Ақын мерейтойына арналған шараны дос-жарандары мен оқырмандары қатысты. Алғашқы сөзді университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов ашты.
– Биыл алпыстың асқаралы белесін бағындырып отырған Сырдың талантты ұлы, ақын, журналист Шаһизада туралы айтқанда ең бірінші оның адамгершілік болмысы, дос-жолдасқа барынша адалдығы, ақынға тән ақжүрек, ақеден мінезі көз алдыңа келеді. Халық жырын жатқа оқитын, ел алдында жүрген ақын-дос туралы айту оңай емес. Шәкеңнің болмысы бөлек, өзгеден ерек. Арқа-жарқа болып амандасқанының өзі жаныңа ат байлап жібергенмен тең. Сонау жетпісінші жылдары оқырманға алғашқы өлеңдерімен танылған Шаһизада шайыр ел Тәуелсіздігін алған тұста қайраткер ретінде қалыптасты, – деді Қылышбай Алдабергенұлы.
«Ақын жүрегі адами парасаттың үлкен мінберінен үн қатады» деп жатады. Шаһизада Өтетілеуұлы қоғам белсендісі. Көптеген маңызды мәселелердің шешімін табуда Шәкеңмен бас қосып, ақыл сұрайтындар аз емес. Себебі ол тіспен шеше алмайтын түйіндерді тілмен тарқатады. Шәкең бүгінге дейін талай сүйекті мәселелерді көтеріп, соның нәтижесінде оң шешімдер қабылданған кездер болды. Кезінде Байқоңырдың да біраз түйткілдердің айтып, биліктің назарын аудартты.
Кеште ақын өлеңдері оқылып, студенттер мерейтой иесіне сауалдар қойды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Хабарландыру
Ертең, 25 қараша күні Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрында сағат 18:00-де белгілі ақын, қаламгер Шаһизада Әбдікәрімовтің «Ақыл мен сезім бұрқағы» атты авторлық кеші өтеді.