
Сейсенбіде Өңірлік коммуникациялар орталығында Жалағаш ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында Т.Дүйсебаев ағымдағы жылы ауданда барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар барысын хабарлады.
Жалпы, аталған өңір аграрлық аймақ болғандықтан ауыл шаруашылығы өндірісіне басымдық берілуде. Аталған сала бойынша 14 серіктестік, 170 шаруа қожа¬лығы мен 22 фермерлік қожалық жұмыс жасайды. Үстіміздегі жылы 33472 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған аудан диқандары егін жинау науқанын биыл да үлкен жетістікпен аяқтады. 19384 гектар алқапқа күріш егіп, әр гектарынан 57,3 центнерден өнім алып отыр. Сондай-ақ, басқа да дақылдардан алынған өнім көлемі былтырғыдан едәуір артты. Жаңадария ауылдық окру¬гінің "Атжайған” учаскесіне қарасты 160 гектар жерге картоп, 62 гектар жерге бақша және 1,5 гек¬тар жерге көкөніс дақыдары егіліп, әр гектарынан 110 центнерден өнім жиналды. Ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бұл саладағы жұмыстардың көбісі лизинг арқылы жүзеге асырылып, соңғы үш жылда "ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы және шаруа қожалықтар есебінен 134 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
Өңірде мал шаруашылығын дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар өз жемісін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар ауданда жүйелі жүргізіліп, нәтижесінде мал саны бойынша едәуір өсім байқалып отыр. "Сыбаға” бағдарламасымен 2011 жылдан бастап, қаржы институттары арқылы 39 шаруа қожалығына барлығы 265 млн 710 мың теңге несие берілді. Тиісті қаражатқа шаруа қожалықтар 3062 бас жергілікті сиыр мен 106 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Ауданға қарасты Таң ауылдық округінде 14 отбасының бірігуімен мал шаруашылығымен айналысатын кооператив құрылды. Бұл салада да атқарылған ауқымды жұмыстар өз жемісін беріп, нәтижесінде мүйізді ірі қара саны – 6,4, жылқы – 18,5, түйе – 6,1, уақ мал 98,4 пайызға артып отыр.
Ауданда барлық салада атқарылған жұмыстар бойынша ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, денсаулық саласында 190 төсек орындық орталық аурухана, 10 төсек орындық 4 ауылдық аурухана, бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын типтік емхана мен жедел жәрдем станциясы, 12 дәрігерлік-амбулатория, 2 фельдшерлік акушерлік пункт пен 5 медициналық пункт науқастарға қызмет көрсетуде. Емдеу мекемелерінде 80 дәрігерлік және 433 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайды. Саланың дәрігерлермен қамтылуы 85 пайызды құрап отыр. Мұнан бөлек емдеу мекемелерін жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, 2007 жылдан бері 9 денсаулық сақтау объектісі пайдалануға берілді. Барлық мекемелер замануи медициналық құралдармен жабдықталған. Ауданда соңғы 10 жылда босану кезінде ана өлімі орын алмаған.
Ал білім саласына келсек, соңғы 3 жылда 1 орта мектеп, 5 балабақша пайдалануға берілсе, 1 орта мектеп қайта жаңғыртылып, тағы 4 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы аталған сала бюджеті 3 млрд 898 млн теңгені құрады. Оқушыларды оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету мақсатында 17,9 млн теңге қаржы бөлінді. Ауданда жалпы білім беру саласы бойынша оң өзгерістер байқалады. ҰБТ қорытындысымен Жалағаш ауданы облыста екінші жыл қатарынан 1-орыннан көрініп келеді.
Ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары артуда. Үстіміздегі жылы жалпы көлемі 8444 шаршы метрді құрайтын 70 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл салада атқарылған жұмыстар 7,8 пайызға артып отыр. Аудандағы Дәуімбай учаскесінен 60 гектар жерге жеке тұрғын үй салу мақсатында инженерлік инфрақұрылым дайындалып, кезекте тұрған жергілікті халыққа пайдалануға берілді. Жоба құны 797,4 млн теңге. Сонымен қатар, "Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында кент және ауылдық округтердің орталық көшелері жарықтандырылып, 7 ауылға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнан басқа 6 аймақтың көшелеріне жөндеу жұмыстары жасалды.
"Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы” бағдарламасы аясында 2011 жылдан бүгінге дейін 1 млрд 286 млн теңге бөлініп, 2410 адам жұмыспен қамтылды. Ал бағдарламаның бірінші кезеңі бойынша 350 млн теңге болатын 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Сондай-ақ, екінші бағыт бойынша 93 жобаны жүзеге асыру көзделген. Аталған жобаларға 339,8 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бүгінде 120 адамға 281,7 млн теңге несие берілді.
Өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар барысы туралы баяндаған Талғат Дүйсебаев БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, ол Аққыр, Мырзабай және Жаңадария ауылдарында мәдениет үйі жоқ екенін айтып, бұл мәселелер алдағы уақытта өз шешімін табатынын жеткізді. Аудан әкімінің айтуынша, Жалағашта атқарылған жемісті еңбектер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.