Депутаттар өз сайлаушыларының алдында жылына бір рет есеп беруге міндеттелген. Осы орайда №101 орта мектепте облыстық мәслихаттың хатшысы, №22 «Амангелді» сайлау округінен сайланған депутат, облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов және Қызылорда қалалық №16 «Сәулет» сайлау округінен сайланған депутат Жасұлан Жарасбаев қала тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жайынан хабардар етті.
Алғашқы хабарламаны жасаған облыстық мәслихат депутаты Наурызбай Байқадамов жиналған қауымды ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, бүгінгі күнге дейін оң шешімін тапқан істер туралы мәлімет берді.
– Біздің облыста 29 депутат бар. Олардың барлығы өз округы бойынша түйінді мәселелердің шешілуі жолында билік пен сіздер арасында байланыс орнатып, көпшіліктің ұсыныс-пікірлерін жеткізіп келеді. Қазіргі таңда облыстық және қалалық, аудандық депутаттардың 18 пайызын әйелдер құраса, 7 пайыздан астамын 30-ға дейінгі жастар құрап отыр. Өздеріңіз білесіздер, мұнай өндірісінің төмендеуі экономикаға да кері әсер етуде. Бірақ, соған қарамастан, облыс әкімдігі барлық шараларды қолға алып, бүгінде оны әртараптандыруға, өндірісті өркендетуге жұмыс жасауда. Оның бір көзі республика бюджеті арқылы облысқа құрылыс салуды дамыту. Жылдан жылға бұл салада қарқынды істер атқарылып, баспаналы болған отбасылар саны да, жұмыспен қамту да артып келеді, – деді халық қалаулысы.
Мұнан кейін қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Жарасбаев сөз алды: Сыр өңірінің бас шаһары кешенді даму үстінде. Оның ішінде білім, мәдениет, газдандыру, үй салу бойынша қордаланған мәселелер өз шешімін табуда. Биылғы жылы «Бәйтерек» атты жаңа аудан бой көтерді. Депутат ретінде өз сайлаушыларымды толғандыратын мәселелер менің де басты назарымда. «Сәулет» сайлау округы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Осы округ бойынша 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Көшербаев көшесінде 280 орындық балабақша пайдалануға берілді. «Саяхат» шағын ауданына қатынайтын №19 бағыттағы маршрут үлкен сыйымдылықтағы автобустарға ауыстырылды.
Кездесу соңында қала тұрғындары депутаттарға сауалдар қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.