Сенің еңбегің – сенің ертеңің

Сенің еңбегің – сенің ертеңіңОсы аптада "Жасыл Ел”, "Жас құрылысшылар”, Ұлағат ұландары” секілді жастар саясатына өзіндік үлес қосқан жасақтардың жұмысы қорытындыланып, еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. "Сенің еңбегің – сенің ертеңің” атты ұранды арқау еткен шараны облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ашып, жастарға құттықтау сөзін арнады.  
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жастар саясатына ерекше көңіл бөліп келеді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына септігін тигізуге арналған түрлі бағдарламалар қарастырылуда. Қазір 20 мыңнан астам жас "Дипломмен – ауылға”, "Жастар тәжірибесі”, "Жасыл ел»” бағдарламаларының қатысушысы атанған. Халықаралық "Болашақ” бағдарламасы аясында 200-ге жуық жас білім алып, 80-ге жуық бағдарлама түлегі өңір дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінгі ұйымдастырылған жастар балына да  атқарылған жұмыстың бір көрінісі ретінде қарау керек. Жас болса да бас болып, еңбек етіп, тер төгіп жүрген жастардың көптігін көріп қуанамыз. Біріңіз өңiрдi абаттандыруға атса¬лыссаңыз, біріңіз құрылысқа икемденіп, қаланың сәулетін айшықтауға үлес қосып келесіздер. Еңбектеріңіз аудандағы әр көшеден, әр әлеуметтік нысаннан байқалуда. Келесі жылы да үлкен жобаларда қолтаңбаларыңыз қалатынына сенім білдіремін, – деді Р.Рүстемов.
Әрі қарай жастар ұйымдарының белсенділері вальс билеп, лотереялық ұтыс ойындарында белсенділік танытты. Шара соңында үздіктердің үздігі анықталып, еліміздің көркеюіне себепкер жастар арнайы Алғыс хаттарға ие болды. Солардың қатарында И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледждің студенті Бақытбек Әбдіразақ бар. 
– Биыл жазғы демалысымды босқа өткізбейін деп шештім. Осылайша мамыр айынан бастап "Жас құрылысшылар” еңбек жасағы арқылы "Астана Сервис” серіктестігіне жұмысқа орналастым. Бригадирдің нұсқауы бойынша кесек түсіріп, бетон құйып, лай жаздым. Көп ұзамай замандастарыма командир болып тағайындалдым. Бүгін, міне, "Жылдың үздік командирі” аталымымен марапатталып отырмын, – дейді Бақытбек. 
Елбасы Жолдауы негізінде құрылған көшбасшы жастардың «Жасыл ел» ұйымы белсенді қызмет атқарып келеді. Ұйымның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру. Ең бастысы, жастарды игі істерге тарта отырып, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Бұл бағыттағы жұмысты  Сәдірбек Жұмабеков бастаған "Жас құрылысшылар” еңбек жасағы да жемісті атқаруда. 2006 жылы құрылған "Ұлағат ұландары” педагогикалық жасағы да жүктелген міндеттер үдесінен шығуда. Осыған қарап "Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық» деп бекер айтылмағанын аңғаруға болады. 
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Суретті түсірген: 
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қараша 2016 г. 654 0