
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында университеттің философия және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік Философия күніне орай «Қазақстан халықтарының рухани құндылықтары мен конфессиялары – діни экстремизм мен терроризм идеологиясының альтернативасы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Басқосуға оқу орнының бірқатар ғалымдары мен студенттері, облыстық прокуратура мен ҚР ҰҚК-ның қызметкерлері, ҚХА өкілдері қатысты. Жиынды аталған кафедра меңгерушісі Оңғар Бермаханов жүргізіп отырды.
Басқосуда сөз алған Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Абайбек Жүнісов «дөңгелек үстелдің» маңыздылығына тоқталып, Бүкіләлемдік философия күнін өткізу идеясы төңірегінде баяндама жасады.
– Философия тарихи дәуірдің адамзат дамуында алатын орнын, оның сапалық ерекшелігін, физикалық болмыстың арғы жағындағы метафизикалық табиғатын қамти алады. Осы рухани байлықты игеру қазіргі жаһандану кезеңінің виртуалдық сипат алуына байланысты көмескіленіп барады. Бүгінгі күннің күрделі мәселелерінің бірі – терроризм мен экстремизм лаңы. Осыған орай кафедраның түрлі сала қызметкерлерінің басын қосып, атаулы күнде ұйымдастырып отырған шарасы ерекше маңызға ие, – деді ол.
Мұнан соң «Айтбай» мешітінің наиб имамы Нұржан Керімбеков жастарды жат ағымнан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ, ол студенттердің бірқатар сауалдарына жауап берді.
– Ислам – бейбітшілікке үндейтін дін. Қақтығыстар мен соғыстар біздің сенімімізге мүлдем қайшы. Бүгінге дейін қазақ даласында ғұламалар мен әулие адамдар өткен. Олар әдет-ғұрпымыз бен ислам дінін ұштастырды. Осылайша ауызбірлік пен ізгілікті насихаттады, – деді ол.
Мұнан соң облыстық прокуратура бөлімінің аға прокуроры Мейрамбек Махамбетжанов өңірімізде заңсыз діни әдебиеттер таратып жүрген азаматтар заң алдында жауапқа тартылатынын жеткізді. Ал ҚР ҰҚК-ның Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы департаментінің қызметкері Қанат Майтенов қатысушыларды терiс ағымнан аулақ болуға шақырып, жастардың бірқатар сауалдарына жауап берді.
Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Философия және мәдениеттану кафедрасы студенттер арасында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Оған 116 студент және 2 оқушы қатысып, белсенділік танытқан еді. Жиын соңында бірқатар үздік шығарма иегерлері марапатталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Шара соңында қатысушылар «Зайырлы мемлекет – ұлт пен дін тұтастығының кепілі» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ оқу орнының 500-ге жуық білім алушысына сауалнама жүргізіліп, жастардың дінге деген көзқарасына талдау жасалды.
К.БАЛҒАБАЙҰЛЫ.