
Қызылорда облыстық және қалалық мәслихатының депутаттары сайлаушыларымен кездесіп, соңғы тоғыз айда атқарған жұмыстары туралы есеп беріп жатыр. Осындай кездесу «Титов» және «Гагарин» ықшам аудандарында өтті. Онда «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Құттықожаев пен қалалық мәслихаттың депутаты Ержан Байтілес біткен істің жай-жапсары мен болашақта атқарылатын шаруалардың жоспарын сайлаушылармен бөлісті.
№14 «Қызылжарма» сайлау округінен сай¬ланған депутат Ибадулла Құттықожаев мемлекеттік бағдарламалар, «Нұр Отан» партиясының қолға алған бастамалары мен жобалары жайында жан-жақты мәлімет берcе, қалалық мәслихат депутаты Ержан Байтілес №2 «Ғарышкер» сайлау округіндегі негізгі мәселелерді шешуде атқарылған жұмыс бағытын баяндады.
Кездесуде сайлаушылар тарапынан көтерілген негізгі мәселенің бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы болды.
– Өркениетті елдердің барлығында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Бұл мәселеде барлық азаматтардың құқы жан-жақты сақталады. Сондықтан айлық табысы аз, бала күтімімен үйде отырған адамдар бұдан сырт қалмайды. Барлық азаматтардың денсаулығын күтіп, емделуге жағдайы болады,– деді ел сауалына орай түсіндірме жасаған Ибадулла Дүйсенбайұлы.
Сонымен қатар, тұрғындар қоғамдық көліктердің жүру бағыттары, нәрестелерге берілетін тегін сүт қоспасымен қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігі, спорт және өнер шеберлерін қолдау, демеу мәселелері жайында ұсыныс-тілектер айтылды.
Қойылған сұрақтарға депутаттар тарапынан толыққанды жауап берілді. Тұрғындар олардың атқарып жатқан жұмыстарына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.