
Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов биылғы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жылдың еншісіндегі жоспарларымен бөлісті.
Алдымен ауыл шаруашылығы саласына кеңінен тоқталған аудан басшысы биыл барлығы 21714 гектар егіс егілгенін атап өтті. Оның ішінде 14025 га күріш дақылы себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, жалпы егіс көлемі 296 гектарға, ал күріш 1365 га кем егілгенімен, өнім молынан жиналған. Нақты айтар болсақ, күріш дақылының әр гектарынан 58,3 центнерден өнім алынған. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, тиісті қаржы бөлінген. Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары өз септігін тигізуде.
Кәсіпкерлік саласы бойынша есепті кезеңде шағын субъектілердің саны 3220-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға, жұмыспен қамтылғандар саны 5613 адамды құрап, 4,9 пайызға өскен.
Сондай-ақ, ауданда келер жылдың наурыз айында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін зауыттың құрылысы басталмақ. Осы ретте «Ақтөбе и К» ЖШС-ның жобасы Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Ал жобаны қаржыландыру «Байқоңыр» ӘКК АҚ бірлескен кәсіпорын құру арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда жобалық құжаттары әзірленуде.
Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде құны 83,0 млн теңге болатын 4 жоба несие пайызын субсидиялауға қол жеткізген. Осы бағдарлама аясында жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру бойынша Өңірлік Үйлестіру кеңесінің шешімімен 8 жоба мақұлданды. Ал, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС өн¬діріс және қызмет көрсету саласындағы 18 жоба жұмыстарын бастады. Аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Мәселен, автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу, елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, ауданда 742 жаңа жұмыс орны ашылды. Оқу бітіріп келген жастарды жұмыспен қамту жайы да назардан тыс қалмаған. Соның бір айғағы ретінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 72 маманға көтерме жәрдемақы және 30 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілді.
Ауданда 29 мектеп, 57 мектепке дейінгі мекеме бар. Биылғы жылы бірінші сыныпқа қабылданған 1860 бала жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алуда. Қуаңдария ауылдық округіндегі апаттық жағдайдағы мектеп құрылысын бастауға қаржы бөлініп, келер жылы мұндағы балалар жаңа ғимаратта білім алмақ. Ал Жосалы кентіндегі апатты жағдайдағы 90 орындық екі балабақшаның құрылысына облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды.
Брифинг барысында аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы денсаулық, мәдениет және спорт саласында да атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен айтып берді. Сонымен бірге, ауданда келер жылы атқарылатын істер көп екенін жеткізіп, журналистер сұрақтарына тұшымды жауап қайтарды.
Сара АДАЙБАЕВА,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).