
Кеше «Мұз айдыны» спорт кешенінде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында ҚР чемпионаты мен Кубогының ашылу салтанаты болды. Рәсімге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Маратбек Мықтыбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Аймақ басшысы өз сөзінде облыс спортының жыл сайын дамып, бұқаралық спортты серік еткендер саны артып келе жатқандығын айтты. Астаналық мейман Маратбек Мықтыбеков болса татами төрінде тер төгетін қатысушылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, дүбірлі доданы өткізіп отырған Сыр еліне алғысын айтып, ҚР Дзюдо федерациясы атынан облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті И.Жұмабаевқа тата¬и жиынтығы сертификатын табысты.
Айта кетейік, аталған жарыста еліміздің барлық аймағынан 14 салмақ дәрежесі бойынша 500-ге жуық спортшы сынға түспек.
Н.САҚТАПБЕРГЕН.
***
Сейсенбі күні Қызылорда қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында ҚР чемпионатының ашылу салтанаты өткен болатын. Тартысты бәсеке басталмас бұрын ҚР Дзюдо федерациясы президентінің бірінші орынбасары Маратбек Сәметбекұлы, ҚР Дзюдо федерациясының атқарушы директоры Самат Жылқыбаев, ҚР Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Житкеев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында аталған спорт түрінен ел чемпионатына дайындық барысы пысықталды.
Айта кетейік, дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионаты бұған дейін өңірімізде 2000 жылы ұйымдастырылған болатын. Былтыр Қарағанды облысында өткен тартысты бәсеке биыл Сыр елінде жалғасын тауып отыр. Жарыс қорытындысы бойынша келесі жылға ерлер мен әйелдер құрама командасы жасақталатын болады. Ел чемпионаты аяқталғаннан кейін ҚР кубогы өтеді. Тартысты бәсекеде Сыр палуандары Бауыржан Жауынтаев, Мағжан Шамшадин, Жақсыбек Жеңісбек пен басқа да бірқатар спортшылар өңір намысын қорғаса, жарыстың алғашқы күні жерлесіміз Б.Жауынтаев Қазақстан чемпионы атанды.
Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.