Ардагерге көше атауы берілді

Ардагерге көше атауы берілді«Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды». Аралда өткен тағылымды шара осы сөздің мағынасын терең ұғындырғандай. Бұл күні қаладағы көше тұйығына Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдуәли Шалмановтың есімі берілді.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Жұмагүл Әлішева, қарымды қаламгер Шәкірат Дәрмағамбетұлы, өзге де ел ағалары Әбдуәли Шалмановтың өнегелі жолы, ғибратқа толы ғұмыры жайлы естеліктер айтып, өткен күндерге шолу жасады. Сондай-ақ, майдангердің ұлы Талап Шалманов әке есімін ардақтаған халқына ризашылығын білдіріп, келешекте көшенің абаттандыру жұмыстарына атсалысатынын жеткізді.
Айта кетерлігі, Талап әкесінің есімі берілген көшеге түнгі жарық бағандарын орнатып, өзге де шараларға мұрындық болған еді. Бүгінгі таңда елі ұлықтаған Әбдуәли Шалманов кезінде майдан даласында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған-ды. Ал бейбіт заманда зейнеткерлікке шыққанша адал еңбегімен көпке үлгі бола білді.
Ж.АЙДАРБЕКОВ.
Арал ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қараша 2016 г. 997 0