
Ауданда ұйымдастырылған бұл шара шын мәнінде кәсіпкерлердің мерейін асырды. Кең ауқымды қамтыған «Қазалы Инвест» инвестициялық форумына облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы, «Атамекен» ҰКП Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы, облыс көлеміндегі қаржы-несие беру ұйымдары мен екінші деңгейлі банк өкілдеріне қоса көршілес аудандардан, Байқоңыр мен Ақтөбенің Шалқар, Ырғыз аудандарының іскер жандары қатысты. Форум делегаттарын аудан әкімі Нажмадин Шамұратов қабылдап, сәттілік тіледі.
Келесі кезекте қонақтар аудандағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап, атқарылған жұмыстарға қанықты. Мұнан соң мәдениет орталығына қойылған өнімдер көрмесі жиналғандардың ерекше қызығушылығын туындатты. Бұл жерде делегаттар назарына қазалылық кәсіпкерлердің шығарған өнімдері ұсынылып, меймандар тарапынан оң бағаланды. «Қазалы-Инвест» форумын аудан әкімі Н.Шамұратов ашып, жүргізді. Өзінің хабарламасында Нажмадин Шәкизадаұлы шағын және орта бизнестің ауданда даму барысы мен келешектегі міндеттері жайында баяндап берді.
Сондай-ақ, форум аясында ауданда алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірнеше инвестициялық жобалардың таныстырылымы болды. Ақтөбе және Қызылорда облыстары арасындағы өңіраралық кооперацияны дамыту жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында Қазалы және Шалқар, Ырғыз аудандары әкімдіктері арасында әріптестік келісімге отырды.
Форум барысында бірқатар делегаттар мен сала басшылары өздерінің ойларымен бөлісті, тақырыпқа сай баяндама жасады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.