
Өткен аптада Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылында жаңа мешіт ғимараты пайдалануға берілді. Имандылық үйін осындағы «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Құлмағанбет Исаханов өз қаражатына салдырып, ауылдастарына ұсынды.
Жаңа мешіттің салтанатты ашылуына ауыл тұрғындарымен қатар көрші елді мекен тұрғындары да көптеп жиналды. Шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов: «Ел тәуелсіздігін алған кезде елімізде 68 мешіт болса, қазіргі таңда мешіттер саны 2650-ден асты. Бұл –имандылыққа бет тұрудың көрінісі. Осы ауылдағы тозып тұрған мешіт орнына жаңасын салу жөніндегі ұсынысты құп алған Исахановқа жерлестері дән риза, – деді. Ал ауданның бас имамы Садулла қажы Омаров Жаңақорған ауданында нақты кезеңде осымен 32 мешіт болса, көп ұзамай Аққұм бекетінде тағы бір мешіт пайдалануға берілетінін айтты. Салтанатты шарада ауыл ардагерлері атынан Құлмағанбеттің ұстазы Әбілхайыр Жәнібеков ауылдастарының алғыстарын жеткізді. «Құлмағанбет елді еңбекке ұйыстырып, адал бейнеттің наны тәтті екендігін ісімен дәлелдеп келе жатқан азамат. Міне, енді, дін, өмір, уақыт үшеуінің негізі бір екендігін жамағатқа дәлелдеп отыр», – деді ол.
Иә, мешіт – имандылықтың ұстаханасы. Санаңа сансыз сәуле себетін, көкірек көзіңе кісілікті кіргізетін имандылық үйі осылай Жаңақорған ауданының бір қиырындағы Қаратөбе ауылында Құлмағанбеттің шарапатымен бой көтерді.
Н. НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы.