Жүректен жылу таратқан әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері марапатталды

Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған
салтанатты шара өтті. Елбасы Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің» төл мерекесі ретінде белгіленген еді.
Шараға облыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың  өкілдері, ардагерлер қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов мерекеге қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы кәсіби мерекемен құттықтап, әлеуметтік салада тәуелсіздік алған жылдары жеткен жетістіктерге, әлеуметтік қорғау жүйесінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жыл басынан жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көптеген шаралар ұйымдастырды. Бір ғана еңбек әулеттерінің форумы арқылы еңбектен бақытын тапқан адамдарды анықтап, оларды облысқа ғана емес, республикаға таныта білді. Өткен жылдың қорытындысымен мүгедектердің медициналық және әлеуметтік оңалту бағдарламасы 99 пайызға орындалды, ал республикалық көрсеткіш 61 пайыз болды.
Жергілікті бюджеттен 61 мыңнан астам аз қамтамасыз етілген азаматтарға 800 млн теңгеге жуық әлеуметтік көмек, балалар жәрдемақысы төленді. Бюджеттен тыс қаражат көздерінен 5 мыңға жуық тұрмысы төмен отбасына, мүгедектерге, жалғызбасты қарттарға қайырымдылық көмек көрсетілді. Жұмыс іздеуші ретінде жұмыспен қамту органдарына хабарласқан 25 мың адамның 10 мыңнан астамы жұмысқа орналасты.
Шара барысында әлеуметтік қорғау жүйесіне еңбегі сіңген біршама қызметкерлер ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, төсбелгімен, «Құрмет» грамотасымен, облыс әкімінің «Алғыс хатымен», дипломдармен марапатталды. Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қараша 2016 г. 526 0