Оралда белгілі жыршы-термеші Алмас Алматов өнер көрсетті

Оралда белгілі жыршы-термеші Алмас Алматов өнер көрсетті Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі жыршы-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қадыр орталығынан түскен мәліметке қарағанда, сайын даланың сахара төсінде қызыл тілі көмекейін күйдірген сөз ұсталары аз болмаған. Солардың бірі де бірегейі, Сыр сүлейлерінің сарқыты, ертеден шапса кешке озған, ылдидан салса төске озған жырау үш сағат көсіле шапты. Көрермен тапжылған жоқ, ұйып тыңдады. Қара домбыраны қолға алып, арғы-бергі тарихтан толғанып, алмастай жарқылдаған жырларымен сөздің құнын түсінетін Жайық жұртшылығының жанын жадыратып, көңілін көтеріп тастады.
- Сыр өңірінен шығып, шығыстың әйгілі Фердоусиінің «Шаһнамасын» қазақша сөйлеткен Тұрмағанбет Ізтілеуұлының туындыларынан бастап, жырау біраз жыр-дастандардан үзінді келтіріп отырды. «Көрұғлы» дастанының қысқаша тарихын ауыздың суын ағызатындай қылып, сөздің майын тамызып тұрып баяндап берді. Біртіндеп келіп өзінің шығармашылығына ауысып, әрі қарай құйындатып әкетті. Алпыс сегіз сағаттық жырды жатқа айтып,  таспаға түсірген жалқы жырау кешін: Құлақтың қарыны жоқ тоятұғын, Малым жоқ бас-басыңа соятұғын. Ал, енді, ағайындар, қош болыңыз, Осымен кез де келді қоятұғын.   Елдің жүгін артатын нар болыңдар, Әрқайсың аласармас тау болыңдар, Қайтейін, қимағанмен амалым жоқ, Ордалы азаматтар, сау болыңдар,  - деп түйіндеді.
Кеш соңында орталық директоры Бауыржан Халиолла Ақ Жайық елі атынан Алмас Алматовқа алғысхат табыстады. Ал жыршы Қадыр орталығына әрқайсысы 15 мың жолдан тұратын қос томдық «Шыңғыснама» кітабының алғашқы томын сыйға тартты. Белгілі ғалым Қазыбай Бозымов мәртебелі мейманның иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.    

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2016 г. 892 0