ҚМУ қорындағы кітаптарға ерекше қызығушылық танытты

ҚМУ қорындағы кітаптарға ерекше қызығушылық танытты9-12 қараша күндері Астанада «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. 
Шетелдік, отандық баспагерлер, республиканың облыстық, жоғары және орта арнаулы білім беру мекемелерінің кітапханалары қатысқан бұл іс-шараны ҚР Мемелекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ашты. Көрмеге қатысқан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірінші күнін «Кітап – ғасырлар куәсі» тақырыбымен бастады, - деп хабарлады университеттің баспасөз қызметінен. 
Қордағы сирек кездесетін әдебиеттер – Сыр елінің ақын-жыршыларының араб тіліндегі қолжазбалары, этнограф, саяхатшы, ғалым-академик В.Бартольдтың ХІХ ғасырда Сыр бойына жасаған зерттеу жұмыстары, XVII-XVIII ғасырда жарыққа шыққан корей халқының тарихы, әдебиеті және өнерін баяндайтын туындылар, Ресей мемлекетінің өткен ғасырда жарыққа шыққан тарихи құнды кітаптары қатысушылар назарына ұсынылды. Университеттің кітап көрмесімен танысуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, оқытушылар мен студенттер, мектеп оқушылары және қала қонақтары мен тұрғындары келді.
Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіндегі екінші күнін университет «Сыр – Алаштың Анасы» деп атады. Бұл күні Қызылорда облысының тарихы, әлеуметтік экономикасы, өнеркәсібі мен аграрлық индустрия, мәдениет, спорт және туризм салалары бойынша әдебиеттер қойылды. Жақын және алыс шетелдерден келген баспагерлер, редакторлар, жетекші ғалымдар, мәдениеттанушылар Қорқыт Ата мемориалды кешенінің фотоальбомына, Қорқыт Ата энциклопедиясына, Байқоңыр ғарыш айлағы туралы және тағы басқа кітаптарға ерекше қызығушылық танытты. 
Университеттің ғылыми-техникалық кітапхана қызметкерлері халықаралық көрме-жәрмеңке аясында ұйымдастырылған «Кітап мәдениеті мен гуманитарлық ынтымақ контексіндегі еуразияшылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2016 г. 590 0