Менің елім – мәңгілік ел

Қызылорда қаласындағы «Достық үйінің» алаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қызметкері Максим Споткай, ҚХА және облыстық ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері және 500-ден аса жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенді студенттер қатысты.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов  акцияның маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Құрметті жастар, баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік біздің ең қасиетті де қастерлі құндылығымыз. Біз 1991 жылы егемендікке қол жеткізіп, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен дамудың даңғыл жолына түстік. Қасиетті осы ұғымға жету үшін қазақ халқы басынан талай қиын кезеңдерді өткеріп, асу белестер мен биіктерді бағындырып келеміз. Тәуелсіздіктің баянды болуы осы жалынды да белсенді жастардың қолында. Сондықтан біз жастарға сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов.
Жалпы акцияның мақсаты «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе жастар арасында ілгерілету, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің бар¬лық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсету.
Сонымен қатар, акция барысында облыстың, қазақ елінің намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген дзюдошы Бауыржан Жауынтаев «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері-Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын Атырау облысының жастарына табыс етті. Сондай-ақ, жиында жастар бойына жігер беретін және сан ұлттың достығы мен татулығына арналған әндер шырқалды. Жастар үндеуі оқылды.  Көкке шарлар ұшырылды.
Биылғы жылдың қараша айының басында Талдықорған қаласында бастау алған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы еліміздің барлық аймақтарында жалғасып, ҚР Тұңғыш Президенті күні мәресіне жетеді.
                                                                                                             Сара АДАЙБАЕВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қараша 2016 г. 705 0