
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасы және "Жігер” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде "Үздік студент-2016” атты облыстық сайыс өтті. Оған облыс бойынша колледждерде оқитын мүмкіндігі шектеулі студенттер қатысты.
Шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі студенттерді қоғамдық ортаға тарту, шығармашылық деңгейін көтеру және олардың өздеріне деген сенімділігін арттырып, әлеу¬меттік белсенді тұлға ретінде қа¬лыптасуына жағдай жасау болып табылды.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Олар "Студент портфолиосы”, "Таныстыру”, "Менің мамандығым” және "Шығармашылық конкурсы” деп аталды. Студенттер өздерін әр кезеңде ерекше қырынан көрсете білді. Әсіресе, Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенті Серікбол Қасым жас айтыскер ақын Мейіржан Әлібековтің «Тәубе» өлеңін сахналап, тақырыпты ашуы көрермен көңілінен шықты.
Жалпы, шараға облыс бойынша 10 колледжден 13 оқушы қатысқан болатын. Тартысты да қызықты өрбіген сайыс мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенті Серікбол Қасым жеңімпаз атанса, ІІ орынды Қызылорда индустриалды-техникалық колледжінің студенті Гүлжан Жұмағалиева және ІІІ орынды М.Маметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің студенті Жансая Сәруар иеленді.
Шарада медициналық колледждің жеңімпаз атануына қолдау көрсеткен колледж директоры Ләйла Құлтаева, тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Тлеулеева және оқытушы Нұрлыбек Абдіқаниевқа "Емдеу ісі” бөлімі өз алғысын білдірді.
Ләззат БАЙҒАБЫЛОВА,
Қызылорда медициналық
жоғары колледжінің "Емдеу ісі”
бөлімінің меңгерушісі.