Бір бойында талай өнер тоғысқан

Бір бойында талай өнер тоғысқанСейсенбіде А.Тоқмағамбетов атындағы облыстық мәдениет үйінде сан қырлы өнер иесі Әбдісаттар Оспановтың 75 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті.
Алдымен көрермен назарына автор туралы бейнеролик ұсынылды. Одан кейін мерейтой иесін құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов:
– Сыр топырағы қашанда таланттардан кенде болмаған. Осындай азаматтарымызды көзі тірісінде қадірлей білуге тиіспіз. Бүгінгі кешті қазақ өнері, қазақ мәдениеті, қазақ тарихының тойы десек болады. Сегіз қырлы, бір сырлы ағамызға амандық, отбасына береке-бірлік, шығармашылықта табыс тілеймін, – дей келе, Әбдісаттар Оспановқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. 
Кеш иесін сегіз қырлы деуіміз бекер емес. Бір басында бірнеше өнер тоғысқан. Қазақстан Жазушылар одағының, Авторлар қоғамының мүшесі. Тарихшы-этнограф, жазушы, ақын. Әнші, күйші әрі сазгер. Тарихшы, жазушы ретінде ғұмырының жарты ғасырдан астам уа¬қытын Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының өмірі мен халқы үшін атқарған қызметін зерттеуге арнады. Бүгінгі ұрпақ біле жүрсін деген оймен әрі перзенттік парызы ретінде жинастырған мәліметтерін ел аузындағы аңыз әңгімелермен салыстыра отырып, «Жанқожа батыр» деректі романын, «Наркескен» атты үш томдық тарихи-көркем трилогиясын жарыққа шығарды. Одан басқа «Хан Сырлыбай» тарихи романының, «Кәнеки, тілім, сөйлеші», «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты жыр жинақтарының, «Өмір неткен тәтті едің...» естелік-эссесінің, «Адамдықтың арқалап ауыр жүгін...», «Адам, қайда барасың?!», «Кішкене» атты өлеңдер мен дастандар жинақтарының авторы. Әбдісаттар Оспановтың жүрегінен шыққан ән, күй, термелер – бір төбе. 
Авторлық концерт-кеш барысында облыс¬тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Бақытхан Әбдікәрімов, Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тәңірберген Дәрменов, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Арман Қаржаубаев лебіздерін жеткізіп, сый-құрмет көрсетті. 
Кеште облыстық филармония жанынан құрылған Тұрмағамбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі (бас дирижер – Кеулімжай Ботабаев) және бірқатар өнер иесі автордың репертуарынан шығармалар орындап, халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. 
Назерке САНИЯЗОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қараша 2016 г. 766 0