
Қызылорда қалалық мәслихатының VI шақырылымының кезектен тыс VІІІ сессиясында «Қызылорда қаласының кейбір көшелеріне атау беру және қайта атау туралы», «Қызылорда қаласы ауылдық округі мен кентінің көшелеріне атау беру және қайта атау туралы», «Қызылорда қаласы Ақжарма ауылдық округінің Ақжарма ауылын қайта атау туралы», «Қызылорда қаласындағы шағын аудандарға атау беру туралы» шешімдердің жобаларын қаралып, құжаттар бірауыздан қолдау тапты.
Сессия барысында қаладағы шартты атау берілген «Сәулет-6» көшесін журналист-жазушы Әділхан Бәйменов есімімен, «Сәулет-7» көшесін журналист Нұрділдә Уәлиев есімімен, «Сәулет-8» көшесін мәдениет қайраткері Оразбек Мақсұтұлы есімімен, «Сәулет-35» көшесін әскери қызметші Қазбек Төреманов есімімен, «Саяхат-7» көшесін Социалистік Еңбек Ері Бақытжан Серімбетов есімімен, «Саяхат-10» көшесін Ұлы Отан соғысында қыршын кеткен Дүйсенбай Шыныбековтің есімімен атау туралы ұсыныстар қаралды.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер бар. Ол көшелерге атау ертеректе Кеңес дәуірі заманында берілген. Атап айтсақ, Восточный, Квартальный, Крепостной, Привокзальный секілді көшелер. 8-сессияда идеологиялық тұрғыдан ескірген 41 көшеге қазақша атаулар: Тәуелсіздік, Қуаныш, Бақыт, Аққайың, Жауқазын, Жастілек, Керуен, Табыс, Ғарышкер, Ақберен, Жігер, Тұмарлы, Ұлағат, Аманат, Теректі, Толағай, Жәдігер, Ақсұңқар, Дәстүр, Жетіген, Аламан, Ғибрат, Мұрагер, Табиғат, Дәулет, Насихат, Айбын, Игілік, Алдаспан, Ұшқын, Шапағат, Шаттық, Гүлдала, Өнеге, Көкжиек, Қайнар, Сәттілік, Құлагер, Екпінді, Салауат атаулары берілді.
Бұл ұсыныстар қалалық сессияда қаралып, қолдау тапқанымен, атаулар көшелерге берілді дегенді білдірмейді.
Атау беру жұмыстары «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, сонымен қатар «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасы бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысына сәйкес жүргізіледі.
Қалалық мәслихаттың қабылданған шешімдері мен құжаттар топтамасы ендігі кезекте Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясында қаралатын болады.
Одан әрі комиссияда оң қорытынды алған ұсыныстар облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылатын болады.