
Кеше Жалағаш ауданының Аққұм ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің 90 жылдығына арналған еске алу шарасы аясында бюст-ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Жиында сөз алған аймақ басшысы өскелең ұрпаққа үлгі болатын мерекелік шараның маңыздылығына тоқталды.
– Біз бүгін Аққұм ауылынан түлеп ұшқан Сыр елінің аяулы перзенті, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновке арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Киелі Жалағаш топырағынан ежелден ұлысты ұлтымызға, ырысты жұртымызға тұлға болған талай-талай саңлақтар шықты. Сондай еңселі тұлғалардың бірі – Алдаберген Бисенұлы. Ол өнегелі өмірімен баршаға үлгі бола білді. Іскерлігімен, адалдығымен, биік парасатымен өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосты, – деді облыс басшысы.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушы маманы, ел экономикасының өркендеуіне елеулі ықпал етті. А.Бисенов ауыл экономикасының дамуына, тұрғындардың тұрмыс-жағдайларының жақсаруы жолында аянбай еңбек етіп, халық құрметіне бөленді. Егін және мал шаруашылығын дамытудағы оның жаңашылдығы, іскерлігі жоғары бағаланып, «Алтын Жұлдызбен» марапатталды.
Міне, туған халқының алдында жүзі жарқын, еңсесі биік болған асыл азаматтың еңселі бейнесі өзінің кіндік қаны тамған ауылына ескерткіш болып оралды. Бұл – ерен еңбек иесіне, елдің елеулі азаматына көрсетілген көпшіліктің зор құрметі.
Мұнан соң Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Ералиев пен Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында Тайман қари атындағы мешітте Сыр бойының қайраткер азаматына құран бағышталып, ас берілді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.