«Достық үйінің» мәжіліс залында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы мен Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық байқауы болып өтті. Байқауға «Тәуелсіздік - тірегім!» тақырыбында өлең жазудан аралас мектептерден үздік шыққан 11, эссе жазудан 17 және «Асыл сөз мектебі» - шешендік өнеріне 16 оқушы қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ассамблеяға сілтеме жасап хабарлады.
«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы биылғы жылы екінші мәрте өткізілуде. Өткен жылы аталмыш жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей бастамасымен Ассамблеяның 20 жылдығында республиканың барлық аймақтарында жүзеге асырылған болатын. Облыстық байқауда жеңімпаз атанған жүлдегер Астана қаласында, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен жобаны қорытындылау отырысында тиісті марапаттарын алып, аймақ абыройын асқақтатты. Аталған жобаның мақсаты - өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйрету арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту. Облыстық байқаудың алғы сөзін облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Рахима Қаржаубайқызы алды. Ол қатысушыларға байқаудың маңыздылығын түсіндіре отырып, сәттілік тіледі. Әділ қазылар құрамында «Қоғамдық келісім» КММ-нің аға сарапшысы, тілдерді үйрету кабинетінің жетекшісі - Шәкизат Әбдіраманова, «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» МКҚК-ның маманы- Әсел Бахытова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты - Алдажар Әбілов болды. Байқау үш бағытта өтті. Алғашқысы «Асыл сөз-шешендік өнерінде» этностық топтардың балалары мен жастарына қазақ халқының дәстүрін бойына сіңіру арқылы сөйлеу мәдениетін жетілдіретін шешендік өнерге баулу. Онда қатысушылардың тіл байлығына, қазақ халқының салт-дәстүрінен қаншалықты хабары бар екендігіне мән берілді. Екінші «Тәуелсіздік - тірегім!» тақырыбында мәнерлеп өлең оқу. Мұнда оқушының өлеңді акцентсіз, нақышына салып тыңдарманға жеткізе білуі де бағаланды. Үшінші бағытта «Тәуелсіздік - тірегім!» тақырыбында эссе жазды. Нәтижесінде, әр номинация бойынша жеңімпаз атанған оқушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Асыл сөз-шешендік өнері» бойынша бірінші орынды - Қызылорда қаласынан Алексей Черкезюк, екінші орынды - Диана Құрбанбаева, үшінші орынды - Қазалы ауданынан келген Алишер Розметов иеленді. «Тәуелсіздік - тірегім!» тақырыбында мәнерлеп өлең оқудан бірінші орынды - Қызылорда қаласынан Лера Флорова, екінші орынды - Арина Хегай, үшінші орынды - Жаңақорған ауданынан келген Дона Шакирова қанжығасына байлады. «Тәуелсіздік - тірегім!» тақырыбында эссе жазудан бірінші орынға - Арал ауданынан Ринат Чумаш, екінші орынға - Қызылорда қаласынан Евгения Ким, үшінші орынға - Қармақшы ауданынан келген Ирина Яшкова лайық деп танылды. Облыстық байқаудың жеңімпаздары республикаға жолдама алды.