Қызылорда. Мәнерлеп сырғанаудан әлемдік Гран-при додасының күміс жүлдегері, Қазақстан біріншілігінің 3 дүркін чемпионы Элизабет Тұрсынбаева Қызылорда қаласы «Мұз айдыны» спорт кешенінде өнер көрсетіп, қызылордалық жасөспірімдерге өзінің шеберлігін паш етті. Бұл оның Сыр өңірі жастарымен алғашқы кездесуі болып табылады.
Оның өнеріне тамсанған көпшілік әрбір әдіс-тәсіліне қошеметін аямай, спортшыға қолдау беріп отырды. Ол осыған дейін халықаралық байрақты бәсекелерде топ жарып, Қазақстанды әлемге танытып, абыройымызды асқақтатып келеді. Әзірге ең айтулы жетістігі – биыл Белоруссия астанасы Минскте өткен әлемдік Гран-приінің күміс жүлдесі саналады. Келесі жылдың наурыз айында ол Болгарияда болатын жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына және Әлемдік Гран-при додасында бақ сынайтын болады.
Сонымен қатар, шара барысында «Мұз айдыны» спорт кешенінде жаттығатын спортшылар мұз үстінде бірнеше көріністер қойды. Ұйымдастырылған спорттық шараның маңыздылығы осы спорт түрін жас өскіндерге насихаттау болса, екінші жағынан салауатты өмір салтын ұстанушылар мен болашақ спортшылар үшін үлкен қадам болды.