
Мүмкіндігі шектеулі қызылордалық кәсіпкер Бибайша Юсупова тоқыма, кілем тоқуды, тігін өнерін анасынан үйренген. Сол уақытта қамқор ана қызының қызығушылығы оның өмірлік кәсібі болатынын білмеген еді.
- Хоббиімді бизнеске айналдыру ойы 1994 жылы келді. Қиын кезеңде көп адамның қаржы тапшылығы әсерінен киім түгіл, тамақ сатып алуға да шамасы болмады. Бірде көршім келіп, азғантай ақшасы барын айтып, жаңа туылған нәрестесіне киім тігіп беруімді өтінді. Сол тапсырыс менің бизнесімнің бастамасы болды, - дейді кәсіпкер.
Мүмкіндігінің шектеулігі Бибайша Юсупованың арманын жүзеге асыруына кедергі бола алмады. Биыл ол «Даму-Көмек» және «Жұлдыздарға қара» секілді бағдарламалардың қатысушысы ретінде кәсіпкерлігін кеңейтті.
- Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілері бизнес-жоспар жасау мен құжаттар жинағын дайындауға көмектесті. Конкурсқа қатысуға өтініш берген уақытта 2016 жылғы «Жұлдыздарға қара» жобасының жеңімпаздары қатарында болатынымды білмедім. 300 мың теңге көлеміндегі гранттық қаражатқа жаңа құрал-жабдықтар сатып алдым. «Даму» қоры сонымен қатар «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында да көмек көрсетті, - дейді ол.
Бибайша Юсупова ателье ашып, кәсіби қызметкерлерді жұмысқа алуды армандайды. Арманы жүзеге асатын күн де алыс емес. Банктен несие алу үшін құжаттар жинап жүрген жанға «Даму» қорының кеңесшілері қолдау көрсетуде.
«Даму» қорының баспасөз қызметі